Елімізде шегірткеге қарсы 954 мың гектар жер өңделді

11 маусым, 2026
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елімізде шегірткеге қарсы 954 мың гектар жер өңделді
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Өңірлерде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда. 11 маусымдағы жағдай бойынша 954 мың гектар немесе болжанған аумақтың 43%-ы өңделді. Егін алқаптарын қорғау жұмыстары жоспарлы түрде жалғасуда, барлық қажетті шаралар уақтылы әрі толық көлемде қолға алынуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.

Жалпы алғанда, биыл 2,2 млн гектар жерді өңдеу жоспарланған, 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға аз. Бұл Үкіметтің қолдауымен жүргізілген кешенді жұмыстардың және өсімдіктерді қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістердің нәтижесі.

Атап айтқанда, қызметтерді сатып алудың бірыңғай жүйесі енгізіліп, үдерістер орталықтандырылып, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі артты.

Желдеткіш бүріккіштердің өнімділік нормалары қайта қаралып, көрсеткіш 100 гектардан 70 гектарға дейін төмендетілді. Бұл тартылған техниканың санын 556-ға арттыруға мүмкіндік берді, яғни 2025 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп.

Сонымен қатар фитосанитариялық қызметтің техникалық паркі жаңартылып, 103 дрон сатып алынды. Оның 57-сі мониторинг жұмыстарына, 46-сы химиялық өңдеу жүргізуге арналған.

«Шегірткеге қарсы күрестің тиімділігін арттыру мақсатында FITOCENTRE қосымшасы іске қосылды. ФАО-мен бірлесіп цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және ұшқышсыз аппараттарды қолдануға бағытталған серіктестік жоба жүзеге асырылуда.

Өңірлердегі жедел штабтар штаттық режимде жұмыс істеуде», - делінген хабарламада.

Шегірткеге қарсы қорғау іс-шараларын бақылау мақсатында АӨК саласындағы Мемлекеттік инспекция комитетінің (МИК) басшылығы қазіргі уақытта Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Абай облысында жүр.

Еске сала кетейік, елімізде зерттелген аумақтардағы нақты тозған жер көлемі 2,7 млн гектарды құрады.