Қазақстанда әмбебап құтқару бөлімшелері жетілдіріліп жатыр

Қазақстанда әмбебап құтқару бөлімшелері жетілдіріліп жатыр
Фото: ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру, құтқару және медициналық қызметтерді біріктіретін әмбебап бөлімшелер жобасын екінші жыл жүзеге асырып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Осы уақыт ішінде бөлімшелер шамамен 200 шақыртуға шығып, 170-тен астам адамға көмек көрсеткен. Бұл жүйенің төтенше жағдайларға жедел ден қоюдағы тиімділігін аңғартады.

Қазір республикада бірнеше әмбебап бөлімше жұмыс істейді. Олардың құрамына Ақмола облысындағы «Макинск» және «Аршалы», сондай-ақ Павлодар облысындағы «Аққулы» трассалық медициналық-құтқару пункттері енгізілген.

Мамандардың айтуынша, медициналық бригадаларды әмбебап бөлімше құрамына қосу оқиға орнында алғашқы минуттардан бастап шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл, әсіресе, жол-көлік оқиғалары мен адам зардап шеккен төтенше жағдайларда аса маңызды.

2025 жылы Ақмола облысындағы бөлімшелер өтімділігі жоғары арнайы техникамен күшейтілді. Соның арқасында мамандар жолсыз аумақтар мен қолайсыз ауа райында да оқиға орнына жылдам жетуге мүмкіндік алған.

ТЖМ мәліметінше, өрт сөндіру, құтқару және медициналық қызметтердің бір бөлімше аясында жұмыс істеуі басқару мен үйлестіруді тиімді ұйымдастыруға жол ашады.

Бұған дейін тауда қауіпсіз демалу үшін қандай ережелерді білу керектігін жазған едік.