Қазақстан мен Грузияның ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы 77 пайызға артты
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Грузияның Қоршаған ортаны қорғау және ауыл шаруашылығы министрі Давид Сонгулашвилимен кездесті, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешен саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, Грузия Қазақстанның Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі. Атап өткеніндей, ауыл шаруашылығы екі ел экономикасы үшән де стратегиялық маңызы зор.
«Ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша өзара сауда тұрақты өсуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грузия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 77%-ға артып, 116 млн АҚШ долларынан асты. Бұл – екі ел арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екендігінің және одан әрі кеңейтуге берік негіз қаланғанын көрсетеді», – деді министр.
Өз кезегінде Давид Сонгулашвили аграрлық саладағы екіжақты ынтымақтастық деңгейінің жоғары екенін атап өтіп, әріптестікті одан әрі нығайтуға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасын кеңейтуге, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және агроөнеркәсіптік кешендегі озық технологиялармен алмасуға қызығушылық танытатынын жеткізді.
Кездесуде Грузия нарығына қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан тарапы астық, ұн, өсімдік майы, макарон өнімдері, ет, сүт өнімдері, шоколад және кондитерлік өнімдер экспортын арттыруға мүдделі екенін білдірді.
Тараптар ветеринария саласындағы ынтымақтастық мәселелерін де талқылады. Атап айтқанда, Қазақстаннан Грузияға тірі шошқа мен шошқа етін экспорттауға қатысты ветеринариялық-санитариялық талаптарды келісу рәсімдерін аяқтаудың, сондай-ақ асыл тұқымды және тауарлық ірі қара мен ұсақ малды экспорттауға арналған бұрын келісілген ветеринариялық сертификаттарды іс жүзінде қолданудың маңыздылығы айтылды.

«Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықты жандандыру екі елдің агроөнеркәсіптік кешенінің дамуына, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және бизнес үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуына ықпал етеді деп сенемін», – деді Айдарбек Сапаров.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе келіссөз жүргізіп, Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында Стратегиялық серіктестік орнату жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын.