Қазақстан Душанбе су процесінде өңірлік ынтымақтастықты күшейту бастамаларын ұсынды

Қазақстан Душанбе су процесінде өңірлік ынтымақтастықты күшейту бастамаларын ұсынды
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

Душанбе қаласында «Тұрақты даму үшін су» халықаралық іс-қимыл онжылдығы (2018-2028 жж.) аясында Төртінші жоғары деңгейдегі халықаралық конференцияның пленарлық сессиясы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараға Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің су шаруашылығы саласына жауапты ведомство басшылары бастаған делегациялар қатысты.

Қазақстан делегациясына Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов жетекшілік етті.

Министр өз сөзінде Қазақстанда суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру, су заңнамасын жаңғырту, су ресурстарын басқарудың заманауи технологияларын енгізу және өнеркәсіптегі су пайдалану тиімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Сондай-ақ ол Қазақстанның өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамаларын таныстырды. Атап айтқанда, халықаралық су құқығы қағидаттарына негізделген әрі Орталық Азия елдерінің практикалық ықпалдастығын нығайтуды көздейтін су пайдалану жөніндегі Негіздемелік конвенция әзірлеу ұсынысы айтылды.

Бұдан бөлек, министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, биыл сәуір айында Астанада өткен өңірлік экологиялық саммит барысында осы мәселе бойынша халықаралық консультациялардың алғашқы кезеңін өткізу ұсынылған.

Консультацияларға 30-дан астам мемлекет пен 20 халықаралық ұйымнан шамамен 140 өкіл қатысып, бастама халықаралық деңгейде кең қолдау тапқан.

«Душанбе су процесі – су қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді талқылап, нақты шешімдер әзірлеуге мүмкіндік беретін маңызды алаң. Орталық Азия елдері трансшекаралық ынтымақтастықтың бірегей тәжірибесін қалыптастырды. Бұл тәжірибе әлемдегі өзге де трансшекаралық бассейндер үшін үлгі бола алады. Дегенмен қазіргі сын-қатерлер қолданыстағы тәсілдерді одан әрі жетілдіруді талап етеді», – деді Нұржан Нұржігітов.

Бұған дейін Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан «Бахри-Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша келісімге келгенін жазған болатынбыз.