Қала күніне орай елордада Urban Fest көше спорты фестивалі өтіп жатыр
Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде орналасқан «Sana Sport» спорт кешенінің жанындағы скейт-паркте «Astana Day Mass Sports: Gorilla Power Your Instinct Tour 2026 – Urban Fest» атты көше спорт түрлерінен ауқымды спорттық-жастар фестивалі басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қала күніне орай және «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында өтіп жатқан фестивальде Астана қаласы алғаш рет Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздік райдерлерді біріктіретін экстремалды спорт түрлері бойынша — Gorilla Instinct Tour турнирінің алғашқы кезеңін қабылдады.

«Қазақстанда көше мәдениеті танымалдылыққа ие. Әуесқойлар арасында болса да, бүгінгі жарысымызға 100-ден астам қатысушы тіркелді. Олар скейтбординг, ролик спорты, BMX және самокат спорты бойынша сайысқа түсіп жатыр және Gorilla Style Wars Jams көрсетілімдері, кәсіби спортшылардың шеберлік сабақтарына да куә болады. Осындай іс-шараларды көптеп ұйымдастыру арқылы жастарға жігер берсек дейміз. Бүгін жарыс қорытындысы бойынша, жүлдеге іліккен қатысушыларға ақшалай және естелік сыйлығымызды береміз», - деді іс-шараның ұйымдастырушысы Полина Панина.
Кешкі бағдарлама аясында скейтбординг, ролик спорты, BMX және самокат спортынан финалдық сайыстар өткізіліп, жарыс жеңімпаздарының есімі белгілі болды.

«Мектеп кезінде сыныптасымның велосипедпен түрлі кедергілер арқылы секіргеніне таңғалып, осы жолға келген едім. Міне, содан бері 19 жыл өтіпті. Бүгін қатысушы ретінде емес, жастарға шеберлік дәрісін өткізетіндей дәрежеге жетіппіз. Жарысты тамашалап, керемет әсер алып жатырмын. Өзім де тұрақты түрде жаттығамын. Бірақ жарыстың орны бөлек. Өйткені жаттығуда орындай алмаған кей күрделі элементтер осындай жерде жүзеге асып кетеді. Сондай-ақ жаңа достар да таба аласың», - деді іс-шараға қатысушы Герман Корпенко.
Айта кетейік, Gorilla Instinct Tour іс-шарасы Астанадан бөлек, Қарағанды (6 шілде), Ақтөбе (11 шілде), Атырау (18 шілде), Ақтау (25 шілде) қалаларында жалғасады.