15.11.2025
RU
Мәзір

Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз жүргізді

|
Photo: Aqorda
Colman Domingo and Jude Law at amfAR’s Venice Gala

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз жүргізді

|
Photo: Aqorda

Қасым-Жомарт Тоқаев Шавкат Мирзиёевке Ташкентке мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және дәстүрлі қонақжайлық танытқаны үшін ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын одан әрі дамыту перспективасын егжей-тегжейлі талқылады.

Президенттер сауда, өнеркәсіп кооперациясы, көлік-логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, су ресурстары секілді басым бағыттардағы, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін қарастырды.

Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері Жоғары мемлекетаралық кеңестің екінші отырысына қатысты

Жиынның күн тәртібінде екі елдің сауда-экономика, көлік-транзит, су-энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.

Мемлекет басшысы қонақжайлығы үшін Президент Шавкат Мирзиёевке ризашылығын білдіріп, сапарының басты мақсаты – қос халықтың достығын нығайтып, тату көршілік байланыстарын күшейту, сондай-ақ түрлі саладағы өзара тиімді ықпалдастықты дамыту екеніне назар аударды.

– Құрметті Шавкат Миромонович, Өзіңіздің қажырлы еңбегіңіздің арқасында еліңізде көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамалар қолға алынды. Өзбекстан – біз үшін туыстас, ағайын ел, тату көрші әрі сенімді серіктес. Қос ел арасындағы достықтың тамыры терең, халықтарымыздың рухани құндылықтары ортақ деуге болады. Қазақ-өзбек қарым-қатынасы стратегиялық серіктестік және одақтастық рухында қарқынды дамып келе жатыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ахуал аумалы-төкпелі кезеңде сан қырлы ықпалдастықтың даму қарқынын арттыру қажет екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Өзбекстан Президентімен келіссөз барысында саяси және экономикалық байланыстарды жандандыра түсетін жаңа бағыттар айқындалғанын жеткізді

– Өзара ынтымақтастық әлеуетін толық пайдалануды құптаймыз. Сондықтан осы бағытта табанды еңбек етуге дайын екенімізді айттық. Ең әуелі, сауда-экономика саласына ерекше мән беру керек. Сауда-саттықты дамыту үшін өсімнің тың мүмкіндіктерін іздеу, тауарлар номенклатурасын кеңейту және шикізаттық емес экспортты ынталандыру шараларын қабылдау қажет. Осы орайда Өзара тауар айналымын арттыру бағдарламасын сапалы жүзеге асыру маңызды. Бүгін құрылатын Өңір басшылары кеңесін, сондай-ақ Іскерлік кеңес пен «UzKazTrade» бірлескен сауда компаниясы секілді басқа да екіжақты механизмдердің жұмысынан нақты нәтиже күтеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым саудадан гөрі ет, бидай, майлы дақылдарды өңдеудің толық өндірістік тізбесін қалыптастыруды, мал шаруашылығы мен органикалық егін шаруашылығын бірге дамытуды ұсынды.

Бұған қоса Президент өнеркәсіп кооперациясына үлкен үміт артады.

– Қазіргі кезде жалпы сомасы бір жарым миллиард доллардан (1,7 млрд доллар) асатын 78 бірлескен жобамыз бар. Оның аясында 15 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделген. Аталған жобалар толық іске асса, экономикалық және инвестициялық ықпалдастығымыз айтарлықтай күшейеді. Бүгін біз олардың бір парасын іске қосамыз. Қазақстанның Өзбекстанға салатын инвестициясын одан әрі ынталандыруға ниеттіміз. Бұл ретте өзбек достарымыздан әдеттегідей қолдау күтеміз. Құрылысы жүріп жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы индустриалдық қуатымызды одан әрі арттыруда маңызды рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, сирек кездесетін металдарды өндіру және өңдеу саласындағы серіктестік перспективті бағыттың бірі саналады

Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылатын Жұмыс тобынан барлық аспектіні мұқият зерделеп, өзара тиімді ынтымақтастықты жолға қоюға қатысты ұсыныс беруді сұрады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты кеңейтудің стратегиялық сипатына тоқталды. Атап айтқанда, тарифтерді оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді азайту шаралары қабылданып, шекара маңы инфрақұрылымын дамыту және өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстары қолға алынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел үкіметтері логистикалық тізбектің барлық қатысушысына оңтайлы жағдай туғызып, инфрақұрылымдық, нормативтік және институционалдық міндеттерді шешуі қажет деп санайды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағдарын, Солтүстік – Оңтүстік дәлізін, сондай-ақ Ауғанстан арқылы теміржол бағытын дамыту аясындағы тиімді ықпалдастықты жалғастыру өзекті екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек тарапын Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірге өркендету үшін Ақтау және Құрық порттары бойынша серіктестік құрып, логистикалық жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Қазақстан Президенті су-энергетика саласындағы конструктивті ынтымақтастық аса маңызды екенін жеткізді. Өйткені трансшекаралық өзендердің су ресурсын рационалды пайдалану – екі елдің тұрақты прогресіне ықпал ететін басты факторлардың бірі.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтеріне су шаруашылығы саясатындағы тәсілдерді үйлестіру үшін жүйелі шаралар әзірлеуді ұсынды.

Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша назар аударды

– Қазақстанда мемлекеттік басқарудың тиімділігін және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға және IT технологияларды дамытуға баса мән беріледі. Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды, осы саладағы Зерттеу университетінің негізі қалануда, ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Жалпы, Қазақстанды цифрлық елге айналдыру міндеті қойылды. Өзбекстан да цифрландыруға және жасанды интеллект технологиясын дамытуға бағыт алғанын білеміз. Аталған салада бірқатар жетістікке қол жеткізді. Өзбек компанияларын тығыз ынтымақтастық орнатып, осынау келешегі зор салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз. Astana Hub пен IT Park Uzbekistan арасындағы ынтымақтастық осындай табысты синергияға мысал бола алады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, мәдени-гуманитарлық байланыстардың өрісі кеңейе бастады. Бұл ретте Президент мәдениет күндерін өткізу, шығармашылық интеллигенция, жастар арасында белсенді диалог қалыптастыру, көрнекті тұлғаларға ескерткіш орнату, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселелерін қозғады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізілген уағдаластықтар қос халықтың игілігі жолында сан қырлы байланыстарды одан әрі тереңдетуге септігін тигізетініне сенім білдірді.

Өзбекстан Президенті екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде Жоғары мемлекетаралық кеңес маңызды рөл атқаратынын жеткізді

– Біздің қарым-қатынастарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың жоғары деңгейіне көтерілді. Оның негізінде берік сенім, бауырлас халықтарымыздың арасындағы тату көршілік және шынайы достық жатыр. Былтыр құрылған Жоғары мемлекетаралық кеңес өзектілігі мен тиімділігін көрсетті. Бүгін екінші отырыста біз өзара ықпалдастықтың жаңа бағыттарын және зор әлеуетіміздің тың мүмкіндерін танытудың жолдарын жан-жақты талқылаймыз. Сан қырлы серіктестігімізді кеңейтуге айтарлықтай серпін беретін шешімдер қабылдаймыз. Қазіргі алмағайып кезеңде елдеріміздің және тұтас аймақтың экономикалық конъюнктурасына оң әсер ететін тығыз және проактивті ықпалдастық ерекше мәнге ие, – деді Шавкат Мирзиёев.

Қазақстан мен Өзбекстан президенттері бірлескен жобаларды іске қосу рәсіміне қатысты

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев видео байланыс арқылы Қазақстан мен Өзбекстанның бірлескен жобаларын іске қосу рәсіміне қатысты.

Тараптар өнеркәсіп, құрылыс, мұнай-газ химиясы, қаржы, логистика және туризм салаларында жалпы құны 1,2 миллиард доллар болатын 7 жоба әзірлеген.

Мемлекеттер басшылары символикалық түймені басып, бірнеше жобаны бастап берді.

Атап айтқанда, Сырдария және Түркістан облыстарында «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығы, Ташкентте «Tenge Bank» бас кеңсесі қызметіне кірісті. Сондай-ақ Ташкент облысында көпбейінді логистика орталығының, Жаңа Ташкентте «Астана» тұрғын үй орамының, Қашқадария облысында алкилбензол өндіретін мұнай-газ химиясы кешенінің, Жаңа Ташкентте «Астана» қонақ үйінің, ал елордамызда «Ташкент» қонақ үйінің құрылысы басталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Өзбекстанның ең жоғары мемлекеттік наградасы табысталды

Президент Шавкат Мирзиёев Мемлекет басшысын «Олий Даражали Дустлик» («Жоғары дәрежелі достық») орденімен марапаттады.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл марапатты жеке өзіне ғана емес, тұтас Қазақстан халқына көрсетілген шексіз құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын атап өтті.

Сонымен қатар өзбек көшбасшысының екі ел арасындағы достық пен тату көршілік байланысты нығайтуға қосқан үлесін айрықша бағалайтынын жеткізді.

– Бұл жоғары награда достық, бейбітшілік және құрмет секілді қазақстандықтардың жанына жақын құндылықтарды әрі сонымен үндес өзбек халқының рухын айшықтайды. Орденнің атауы елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың мазмұнын дәлме-дәл сипаттайды. Қазақстан мен Өзбекстанның достығы – баға жетпес байлығымыз. Біз оны көзіміздің қарашығындай сақтап, бауырлас халықтардың игілігі үшін өркендетеміз. Бірлескен қажыр-қайраттың арқасында қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігі мен одақтастығын ұдайы жаңа мазмұнмен байыта береміз деп сенемін. Ұлы Абай мен Науаи достықтың озық үлгісін дәріптеп, өзара сенім халықтардың татулығын нығайтатынын, бір-біріне құрмет оны шыңдай түсетінін насихат етті. Осы өсиетке сүйеніп, біз Өзбекстанмен бауырластық одақты нығайтуға баса мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Өзбекстан Президенті Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамудағы жетістіктері мен елдің халықаралық аренадағы табыстары Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімімен тікелей байланысты екеніне тоқталды

– Осындай салтанатты рәсімде Сізге, еліміздің шын жанашырына Өзбекстанның жоғары мемлекеттік наградасы – жоғары дәрежелі «Дустлик» орденін табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – көпұлтты Өзбекстан халқының Қазақстан Республикасы Президентінің ерен еңбегіне көрсеткен құрметі мен шынайы бағасы. Біздің еліміз Сізді бүкіл әлем білетін көрнекті мемлекет және саяси қайраткер ретінде жақсы таниды. Сіздің парасатты басшылығыңызбен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Барлық салада жарқын жетістіктер бар. Қазақстандықтардың әл-ауқаты тұрақты түрде артып келеді. Ең бастысы, халқыңыздың ертеңге деген сенімі зор. Біз жақын дос әрі көрші ретінде Қазақстанның табыстарына шын жүректен қуанамыз, – деді Шавкат Мирзиёев.

Ұқсас жаңалықтар

Барлығы ↗