Бүгін өткен қорытынды конференцияда үздік шабандоздар, жаттықтырушылар, спортшылар, жылқышылар және иппотерапия мамандары марапатталды. Бұл жөнінде Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Бүгін Астана қаласы Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы 2024 жылды қорытындылады. Өткен жылы федерация ауқымды 5 іс-шара ұйымдастырып, оған 6 мыңға жуық қатысушы мен көрермен тартылды. Олардың қатарында 3 ірі бәйге мен көкпар жарыстары өткізіліп, 10 мыңнан астам жанкүйерлер жиналды», - деп жазды Е.Каналимов.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы елордалық спортшылардың конкур бойынша да жоғары нәтижелерге қол жеткізгенін айтты.
«Олар республикалық жарыстарда 9 алтын, 7 күміс және 6 қола медаль жеңіп алып, халықаралық сайыстарда ұлттық құраманың ел қоржынына қосқан үлестерін арттырды.
2025 жылы федерация 7 ұлттық спорт түрі бойынша жарыстар мен олимпиадалық бағдарламаға кіретін конкурдан 5 турнир өткізуді жоспарлап отыр», - деді ол.