Кәсіпорындардың су тұтынуын азайтуға арналған экологиялық жоба іске қосылады
Жоба өндірістік кәсіпорын, қонақүй, мейрамхана, сауда орталығы, кеңселер мен білім беру ұйымдарын қамтиды. Қатысушылар су тұтыну жүйесіне тәуелсіз жедел бағалау жүргізіп, тиімділікті арттыру бойынша практикалық ұсынымдар мен саладағы үздік тәжірибелерге қол жеткізе алады. Тексеру қорытындысы бойынша компанияларға «Қола» деңгейінен «Платинаға» дейінгі Smart Water Zone белгісі беріледі, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Жиналған мәлімет негізінде салалар бойынша су пайдалану талдауы, қатысушылар туралы ақпарат, нысандардың аумағы, географиясы, су тұтынуды қысқарту динамикасы және су пайдаланудың тиімділігін арттыруға қатысты ұсынымдар қамтылған аналитикалық есеп әзірленеді.
Бастаманы GPI Group компаниялар тобы Coca-Cola және Green Urban қауымдастығымен бірлесіп, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Астана қаласының әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырып отыр. Бұл жоба бұған дейін ел бойынша 70-тен астам компанияны біріктірген Smart Plastic Zone бастамасының жалғасы саналады. Жаңа жобаға қазірдің өзінде «Бәйтерек» ҰБХ және Қазақстанның Даму банкі қосылды.
Жобаны іске қосу аясында Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы мен Green Urban қауымдастығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатқа сәйкес, Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы жобаға сараптамалық-талдамалық серіктес ретінде қатысады. Ынтымақтастық аясында орталық су үнемдеу тәжірибелерін енгізу және жобаға қатысушы компаниялардың су тұтынуын бағалау бойынша әдістемелік қолдау көрсетеді.
«Жаңа Су кодексі бизнес үшін нақты бағдарларды айқындайды: бүгін су тұтынуды ерікті түрде азайту - ертең міндетті талаптарға дайын болу деген сөз. Бизнестің су ізін азайту енді тек бедел мәселесі емес, операциялық тұрақтылық мәселесіне айналды. Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығында салалар бөлінісіндегі су тұтыну бойынша аналитикалық база бар. Smart Water Zone жобасына қатысу компанияларға өз көрсеткіштерін салалық нормативтермен салыстырып, су тұтынуды азайтудың нақты шараларын әзірлеуге мүмкіндік береді», - деді Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанна Қазжанова.
Еске салайық, жаңа Су кодексі кәсіпорындарды бес жылдық айналымды және қайталама сумен жабдықтау жүйесіне көшу жоспарын әзірлеуге міндеттейді. Сонымен қатар қолданыстағы жүйені озық технологияны пайдалана отырып жаңғырту қажет. 2026 жыл ішінде барлық кәсіпорын осындай жоспар әзірлеуі тиіс. Ал келесі жылдан бастап оларды кезең-кезеңімен іске асыру басталады.