Референдум-2026

ЮНЕСКО тізіміндегі Барсакелмес: бірегей қорық туралы не білеміз

ЮНЕСКО тізіміндегі Барсакелмес: бірегей қорық туралы не білеміз
Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы бүгінде 163 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Қорықта Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдіктердің ондаған түрі қорғауға алынған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі – Тұран шөлейттерінің солтүстік және орташа аймақтық экожүйелерін сақтайтын Еуразиядағы бірегей табиғи аумақтардың бірі.

Қорықтың негізі 1929 жылы бағалы аң терісін қорғайтын қорғалым ретінде қаланып, 1939 жылы мемлекеттік табиғи қорық мәртебесіне ие болды. Кейін оның аумағы бірнеше кезеңде кеңейтіліп, бүгінде жалпы көлемі 163 126 гектарды құрайды.

Қорық үш кластерлік учаскеден тұрады. «Барсакелмес» учаскесі бұрынғы Барсакелмес аралы мен Арал теңізінің кепкен табанын қамтиды. «Қасқақұлан» учаскесіне бұрынғы шығыс жағалау мен аралдар кіреді. Бұл аумақта құландардың негізгі мекендеу аймағы мен табиғи сексеуіл тоғайлары орналасқан. Ал Сырдария өзенінің Кіші Аралға құяр сағасындағы «Дельта» учаскесі биоалуантүрлілігімен және сулы-батпақты алқап ретінде ерекше маңызға ие.

Барсакелмес қорығы өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің байлығымен ерекшеленеді. Мұнда өсімдіктің 325 түрі өседі. Оның ішінде 16 түрі эндемик болса, бес түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.

Қорық аумағында сүтқоректілердің 28 түрі тіршілік етеді. Түркімен құланы, қарақұйрық және шағыл мысығы Қызыл кітапқа енген. Сондай-ақ қарсақ, құм қояны, қосаяқ, қасқыр мен түлкі секілді жануарлар кең таралған.

Құстардың 250-ге жуық түрі кездеседі немесе маусымдық көші-қон кезінде аялдайды. Оның 33 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Сонымен қатар қорықта бауырымен жорғалаушылардың 12, қосмекенділердің 2 және балықтардың 22 түрі мекендейді. Омыртқасыздардың ішінде жәндіктердің ғана екі мыңға жуық түрі тіркелген.

Барсакелмес қорығы халықаралық деңгейде де жоғары бағаланған. 2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдарияның сағасы Рамсар конвенциясының халықаралық маңызы бар сулы-батпақты алқаптар тізіміне енгізілді. Ал 2016 жылы қорық негізінде құрылған Барсакелмес биосфералық резерваты ЮНЕСКО-ның Биосфералық резерваттарының дүниежүзілік желісіне қосылды.

2023 жылдың қыркүйегінде Барсакелмес қорығы «Тұран шөлдері» номинациясы бойынша ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғи мұралар тізіміне енді.

Айта кетейік, 2020 жылы «Елім-ай» арнайы сыйлығының қорытындысы бойынша «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесі «Үздік қорық» номинациясының жеңімпазы атанған.

Бұған дейін Қорғалжын қорығында қанша киік бар екенін жазған болатынбыз.