Елордалық полицей республикалық турнирде топ жарды

Елордалық полицей республикалық турнирде топ жарды
Фото:

Астана қаласы Полиция департаментінің қызметкері республикалық деңгейдегі беделді жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, елордалық полицияның абыройын асқақтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы, полиция майоры Есен Мәмбетәлиев «Астана Джиу-Джитсу» республикалық ашық турнирінде жеңімпаз атанды. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген 500-ге жуық спортшы бақ сынаған жарыста ол көк белбеу иелері арасында джиу-джитсудан бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар грэпплинг бойынша қола жүлдеге қол жеткізіп, екі бірдей жекпе-жек түрінен жоғары дайындық деңгейін дәлелдеді.

Есен Мәмбетәлиев спортпен 2020 жылдан бері тұрақты түрде айналысады. Соңғы екі жылдан астам уақыт ішінде түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдап келеді. Қызметтен тыс уақытын негізінен жаттығуға арнайтын ол арнайы бөлімше қызметкерлері үшін жекпе-жек спорт түрлерінің маңызы зор екенін айтады.

– Жекпе-жек өнері дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, қызмет барысында аса қажет болатын қолданбалы дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді. Ол төзімділікті арттырып, шапшаң әрекет етуге, тәртіптілікке және жауапты сәттерде дұрыс шешім қабылдауға үйретеді, – дейді полиция майоры.

Оның айтуынша, мұндай қасиеттер ұстау операциялары мен арнайы іс-шараларға жиі қатысатын арнайы жасақ қызметкерлері үшін ерекше маңызды. Спортшы-полицей алдағы уақытта да кәсіби шеберлігін арттырып, халықаралық жарыстарда Астана қаласы Полиция департаментінің намысын қорғауды мақсат етіп отыр.

Есен Мәмбетәлиевтің бұл жетістігі елордалық полиция қызметкерлерінің тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етумен ғана шектелмей, спортта да жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынын көрсетеді. Бұл олардың кәсіби даярлығы мен қызметтік төзімділігінің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.