«Елордаға жол» жобасы: студенттер мен жас мамандар астаналық соттарда тәжірибеден өтіп жатыр
Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысының орынбасары - Қанат Оспанов жастарға арналған «Елордаға жол» жобасы туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана соттарына сілтеме жасап.
2024 жылғы 2 тамызда елордада Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша Департаментінің «Елордаға жол» пилоттық жобасы іске қосылды.
Жобаның негізгі мақсаты - жас мамандарға елордалық соттарда тәжірибеден өтуге және судьялардың кәсіби білімін меңгеруге мүмкіндік беру.
Қазіргі уақытта жоба «Тұран» колледжімен белсенді түрде ынтымақтастық орнатып, 200-ден астам студент елорда соттарында тәжірибеден өтуде.
Студенттер құнды тәжірибелік дағдыларға ие болып, ал сот органдары - жас әрі ынталы көмекшілермен қамтамасыз етілуде.
«Біз әрбір студенттің қызметін мұқият бақылап, оларды сот процестеріне тартып, іс жүргізу негіздеріне үйретеміз. Бұл студенттер - біздің болашақ қызметкерлеріміз, сондықтан олардың елордалық соттарға жұмысқа орналасуына мүдделіміз», - деп атап өтті Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша Департамент басшысының орынбасары Қанат Оспанов.
Жоба өзінің тиімділігін көрсетіп, барлық студенттер жоғары ынта мен жауапкершілік танытты.
Сот әкімшілігінің Астана қаласы бойынша Департаменті сот жүйесі үшін жаңа буын мамандарды даярлау мақсатында «Тұран» колледжімен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыратын болады.