Елімізде 4,6 мың шақырым суару каналы жаңғыртылып жатыр
Қазақстанда 13 су қоймасын салу және 18 су қоймасын реконструкциялау жобасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Парламент Сенатының отырысына қатысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы мен трансшекаралық су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастықтың дамуы туралы баяндады.
Су саласын дамытудың кешенді жоспары аясында 42 жаңа су қоймасын салу, қолданыстағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым суару каналын жаңғырту көзделген. Қазіргі таңда үш жаңа су қоймасының құрылысы басталды. Түркістан облысында екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Министрлік тағы екі су қоймасын салуға арналған жобалық құжатты әзірлеуді аяқтады. Сонымен қатар 13 нысанның жобалық құжаттары дайындалып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар 22 су қоймасының құрылыс жобасын әзірлеуде.
Сондай-ақ министрлік бес су қоймасын реконструкциялау жұмыстарын аяқтады. Сегіз су қоймасын қайта жаңғыртуға арналған жобалық құжат толық дайындалды. Қазір тағы 18 нысан бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Жергілікті атқарушы органдар бір су қоймасын реконструкциялап, тағы жеті нысанда жұмыстарды жалғастыруда. Бүгінге дейін 1,5 мың шақырым суару каналы жаңғыртылды. Биыл жалпы ұзындығы 4,6 мың шақырым болатын каналдарды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Жалпы алғанда, су қоймаларын салу және реконструкциялау, суару каналдарын жаңғырту мен автоматтандыру, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларында су үнемдеу технологияларын енгізу 2030 жылға қарай шамамен 10 млрд текше метр суды үнемдеуге және қосымша жинақтауға мүмкіндік береді», - деді министр Нұржан Нұржігітов.
Еске салсақ, екі облысты су тасқынынан қорғайтын Есіл контрреттегішінің құрылысы келесі жылы басталады.