Елдегі су айдындарында 200 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істейді - ТЖМ

Бүгін, 16:58
Думан Аманжол Думан Аманжол
Елдегі су айдындарында 200 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істейді - ТЖМ
Фото: ortcom.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Әсет Жылқайдаров орталық коммуникациялар қызметі алаңында еліміздің су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бойынша мәлімет берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Спикердің сөзінше, еліміздің су айдындарындағы тәуекелдердің алдын алу және профилактика мәселелері ТЖМ-нің ерекше бақылауында. Мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, халықтың жаппай демалу орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. Адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарында жаппай демалуға арналған 733 рұқсат етілген орын анықталды. Оның ішінде 257 коммуналдық және 433 жекеменшік жағажай, спорт пен туризмге арналған 19 орын, сондай-ақ өзге мақсаттағы 24 орын, 50 мыңнан астам су айдыны бар.

«Азаматтардың судағы қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз ету үшін тәулік бойы министрліктің 50 құтқару станциясы мен су айдындарының қауіпті учаскелерінде қосымша орналастырылған 200 жылжымалы құтқару бекеті жұмыс істейтін болады. Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде өткен жылы 276 адам, оның ішінде 85 бала құтқарылды. Қолайлы туристік ахуал қалыптастыру мақсатында өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, су айдындарындағы қауіпсіздік инфрақұрылымын кезең-кезеңімен дамыту шаралары жүзеге асырылуда», – деді спикер.

Министрлік өңір әкімдіктерімен бірлесіп, демалушылар ең көп келетін орындарда құтқару станцияларын салу және оларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруда.  

Соңғы екі жылда Алакөл, Бурабай, Үлкен Шабақты, Шалқар, Имантау, Пестрое және Көлсай көлдерінде 9 құтқару станциясы салынған. Одан бөлек, Ұлытау облысының Жезқазған қаласында, Алматы облысының Қонаев қаласында, Абай облысының Семей қаласында, Щучье көлінің жағалауында және Ақмола облысының Қосшы қаласында қосымша 5 жедел-құтқару жасағын құру жоспарлануда.

Құтқарушылардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы кезең-кезеңімен жақсартылып жатыр. Заманауи жылдам жүретін катерлер мен арнайы техника сатып алынуда. Жыл сайын әкімдіктермен бірлесіп, балаларды жүзуге және алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйрету жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде республика бойынша шамамен 26 мың бала оқытылды. Айта кетерлігі, шомылу маусымында балалардың қаза болуының негізгі себебі –  олардың үлкендердің назарынан тыс қалуынан болған.

Еске салсақ, БҚО-да үш жасөспірім суға батып кеткенін жаздық.