Биыл қоғамдық тәртіпті бұзған 350 адам пойыздан түсірілді
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері жолаушылар пойыздарынан түрлі әкімшілік құқық бұзушылық жасаған 350 құқық бұзушыны түсірді. Оның ішінде 265 адам алкогольдік ішімдіктерді ішкені және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін, ал 85 адам ұсақ бұзақылық және басқа да құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы көліктегі Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Марат Дубаев мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кезекті оқиға Алматы-Қостанай бағытындағы жолаушылар пойызында болған. Пойыз бастығының актісі негізінде Отар станциясындағы көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері пойыздан екі жолаушыны түсірді.
«Тексеру барысында Алматы облысының 60 және 36 жастағы тұрғындарының алкогольдік масаң күйде болғаны, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзып, өзге жолаушыларға қолайсыздық туғызғаны анықталды. Құқық бұзушылар полиция бөлімшесіне жеткізіліп, қоғамдық орында масаң күйде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Марат Дубаев.
Көліктегі Полиция департаменті жолаушылар пойызы қоғамдық орын екенін және әрбір азамат белгіленген мінез-құлық қағидаларын сақтауға міндетті екенін еске салады.
Еске сала кетейік, Астанада мемлекеттік нөмірін жасыруға тырысқан мотоцикл жүргізушісі анықталды.