Референдум-2026

Бас прокуратура: Фейк онлайн-жеткізілімге қатысты алаяқтық жиілеп кетті

Бас прокуратура: Фейк онлайн-жеткізілімге қатысты алаяқтық жиілеп кетті
Фото: magnific.com

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы тауарларды онлайн жеткізуге байланысты алаяқтық деректерінің жиілеп кеткені туралы ескертеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.

Алаяқтық схемасы қалай жұмыс істейді

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан онлайн шопинг көлемі бойынша ТМД кеңістігіндегі көшбасшы қатарына енді. «CEOWORLD» онлайн-сервисінің деректеріне сәйкес, қазақстандықтардың электрондық платформалар арқылы жасаған сатып алу үлесі 32%-ға жетті. 
 
Онлайн сатып алу танымалдылығының артуы аясында алаяқтар да белсенділік танытып жатыр. Олар азаматтарға телефон соғып, өзін курьер, жеткізу қызметінің маманы немесе интернет-дүкендер мен танымал маркетплейстердің қызметкері ретінде таныстырады және олардың атына қандай да бір тауарды жеткізу рәсімделгені туралы хабарлайды.
 
Сөйлесу барысында алаяқтар сенімге кіру үшін клиенттің дербес деректерін атауы мүмкін және тапсырысты алу, тауарды жеткізуді растау немесе маркетплейс жүйесінде тапсырыстан бас тарту үшін SMS хабарламамен келген кодты айтуды сұрайды. Егер азамат жеткізілімді күтпейтінін немесе онлайн-сатып алу жасамағанын түсіндірсе, алаяқтар оған психологиялық қысым көрсетеді. Тауардың қоймада ақылы сақталатынын, тапсырыстан бас тартқаны үшін айыппұл салынатынын немесе жеткізуден бас тартуды шұғыл растау қажеттігін хабарлайды.
 
SMS кодты хабарлау арқылы азамат іс жүзінде алаяқтарға өзінің жеке аккаунттарын басқаруға рұқсат береді. Кейіннен алаяқтар ақшалай қаражатты жымқырып, сондай-ақ онлайн несиелер рәсімдеуі мүмкін.
 
Прокуратурасының ескертуінше, маркетплейс, жеткізу қызметінің және банктің қызметкерлері телефон арқылы, оның ішінде тауарды жеткізуді растау үшін SMS кодты ешқашан сұрамайды.

«Азаматтардан қырғалық танытуды және келесі қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз:

-   SMS-хабарламалармен келген кодтарды ешкімге хабарламау;

- Күдік туындаған жағдайда сөйлесуді дереу тоқтатып, ресми байланыс арналары арқылы маркетплейске тікелей хабарласу;

- Алаяқтық белгілері анықталған жағдайда, құқық қорғау органдарына жедел түрде жүгіну», делінген ескертуде.

Еске сала кетсек, ІІМ интернет алаяқтардан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылғанын хабарлады.