Атырауда қызметтік ит түрмеге тыйым салынған затты өткізуге жол бермеді
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері №15 Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қызметкерлерімен бірлесіп, түзеу мекемесінің аумағына тыйым салынған заттарды заңсыз өткізу әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға көлік бақылау-өткізу пунктінде «Газель» маркалы автокөлігін тексеру кезінде болған. Тексеру барысында ұландықтар «Шах» атты қызметтік-іздестіру итін қолданады.
Қызметтік ит көлік құралының салонында тыйым салынған заттардың болуы мүмкін екенін білдіретін белгі бергендіктен, бақылаушылар жіті тексеру жүргізеді. Тексеру нәтижесінде салон қалташасынан ішінде спецификалық иісі бар өсімдік тектес зат салынған пластикалық банка табылған.
Ұлттық ұлан әскери қызметшілері мен Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесі қызметкерлерінің жедел және үйлесімді әрекетінің арқасында тыйым салынған заттарды режимдік объектіге өткізу әрекеті дер кезінде тоқтатылды.
«Осы факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оқиғаның толық мән-жайы және құқық бұзушылыққа қатысы бар адамдар анықталады», – делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Ақтөбеде қызметтік ит 30-ға жуық қылмыс орнына барып, 15 рет есірткі қылмысын анықтағанын жазғанбыз.