Референдум-2026

Астаналық 208 оқушы «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы аясында дәстүрлі өнерді меңгереді

Бүгін, 15:03
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық 208 оқушы «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы аясында дәстүрлі өнерді меңгереді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен балалар мен жастар арасында қазақтың қолөнер дәстүрін сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Бағдарламаға қатысатын 208 оқушы белгілі қолөнер шеберлерінен тегін сабақ алады. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, ұлттық мәдени мұраны сақтауды және креативті индустрияларды дамытуды мақсат етеді.

«Іріктеу кезеңге қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытты. Тәлімгер болуға Қазақстанның барлық өңірінен 331 қолөнер шебері өтінім берді. Республикалық байқау қорытындысында олардың арасынан үздік 10 шебер таңдап алынды. Ал білім беру бағдарламасына қатысуға 450-ден астам өтінім түсіп, оның 208-і іріктелді.

27 шілде мен 12 тамыз аралығында оқушылар ұлттық қолөнердің он бағыты бойынша білім алады. Олардың қатарында зергерлік өнер, киіз басу, керамика, сүйек ою, кілем тоқу, тері мен ағаш өңдеу және сирек кездесетін қолөнер түрлері бар», - делінген хабарламада.

Сабақтар тәжірибелік шеберлік сағаттары форматында өтеді. Қатысушылар дәстүрлі бұйымдарды жасауды меңгеріп қана қоймай, тәжірибелі шеберлердің жетекшілігімен туынды әзірлейді. Оқу барысында қажетті барлық материал мен құрал-жабдықты ұйымдастырушылар тегін ұсынады.

Жоба қатысушылардың шығармашылық қабілетін шыңдап, болашақ мамандығын таңдауға бағыт-бағдар береді. Әрі сол арқылы қолөнерді креативті индустриямен ұштастыруға және тың авторлық жобалардың жүзеге асуына негіз болады.

Еске салсақ, Creative Aimaq жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысының креаторлары 3,8 млн теңгенің өнімін сатты.