Астанадағы жазғы лагерьде балаларға құқықтық тәрбие берілді

Бүгін, 15:42
Думан Аманжол Думан Аманжол
Астанадағы жазғы лагерьде балаларға құқықтық тәрбие берілді
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласындағы №111 жалпы орта білім беретін мектеп жанындағы жазғы лагерьде балаларға арналған «Заң мен тәртіп» тақырыбында танымдық кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz елорда әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың заң талаптарын құрметтеуін қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндіру болды.

Кездесу барысында балаларға Қазақстан Республикасының заңнамасындағы негізгі құқықтар мен міндеттер туралы ақпарат беріліп, қоғамдық орындардағы тәртіп ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіз мінез-құлық қағидаларын сақтау және жауапкершілік мәселелері кеңінен талқыланды.

Іс-шара барысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды. Танымдық ойындар мен сұрақ-жауап форматындағы тапсырмалар балалардың тақырыпқа деген қызығушылығын арттырды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауға және жауапты азамат болып өсуіне ықпал етеді.

Жазғы лагерьде өткізілген бұл іс-шара балалардың қауіпсіз әрі саналы ортада демалуына, сондай-ақ құқықтық білімдерін толықтыруына мүмкіндік берді.

Еске салсақ, Астанада таеквондодан әлемдік деңгейдегі екі жарыс өтеді.