Алакөл қорығы: сирек құстардың мекені және әлем мойындаған табиғи мұра
Қазақстанның табиғи мұраларының ішінде Алакөл мемлекеттік табиғи қорығының орны ерекше. Бірегей экожүйесімен, құстардың сан алуан түрімен және халықаралық деңгейде мойындалған табиғи құндылықтарымен ерекшеленетін бұл аумақ биоалуантүрлілікті сақтауда маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы 1998 жылы Тентек өзені сағасындағы жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, сондай-ақ Алакөлдегі Аралтөбе аралдарын мекендейтін сирек кездесетін көне дәуір шағаласының популяциясын қорғау мақсатында құрылған.
Бүгінде қорықтың жалпы аумағы 65 672 гектарды құрайды. Оның 17 877 гектары Жетісу облысының Алакөл ауданында, ал 47 795 гектары Абай облысының Үржар және Мақаншы аудандарында орналасқан.

Әлемдік маңызы бар табиғи аумақ
Алакөл-Сасықкөл көлдер жүйесі құстардың Орталық Азия – Үндістан бағытындағы көші-қон жолындағы маңызды аялдау орны саналады. Осы ерекшелігінің арқасында 2009 жылы бұл аумақ Рамсар конвенциясының халықаралық тізіміне енгізіліп, әлемдік маңызы бар сулы-батпақты алқап мәртебесіне ие болды.
Ал 2013 жылы Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар желісінің құрамына қосылды. Бұл қорықтың халықаралық табиғат қорғау жүйесіндегі маңызын айқындай түседі.

Қазақстандағы құстар мекені
Қорық еліміздегі су құстарының ұя салатын, түлейтін және маусымдық көші-қон кезінде аялдайтын ең ірі аумақтардың бірі саналады.
Мұнда құстардың 330 түрі тіркелген. Соның ішінде 133 түрі тұрақты ұя салады, ал 16 түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген. Қорықтың басты символына айналған көне дәуір шағаласы – әлемде өте сирек кездесетін құстардың бірі.

Бай биоалуантүрлілік
Қорық аумағында сүтқоректілердің 35 түрі мекендейді. Олардың қатарында қабан, елік, түлкі, борсық, қасқыр, қоян және ондатр бар.
Су айдындарында 18 түрлі балық кездеседі. Оның тоғыз түрі – жергілікті балықтар. Сонымен қатар Балқаш-Алакөл алабына ғана тән эндемиктер – Балқаш алабұғасы мен Балқаш қарабалығы да осы өңірде сақталған.
Бауырымен жорғалаушылардың 10 түрі, қосмекенділердің 2 түрі, жәндіктердің 392 түрі және өсімдіктердің 290 түрі тіркелген. Олардың арасында сирек кездесетін әрі қорғауға алынған түрлер де бар.
Табиғатты қорғау – ортақ міндет
Мамандардың айтуынша, Алакөл қорығы ерекше қорғалатын табиғи аумақ қана емес, сонымен бірге Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді сақтауға және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін маңызды табиғи зертхана саналады.
Табиғи мұраны келер ұрпаққа сол күйінде жеткізу – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Сондықтан ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтау, олардың экожүйесіне зиян келтірмеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бүгінгі күннің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Бұған дейін ЮНЕСКО тізіміндегі бірегей қорық Барсакелмес туралы жазғанбыз.