Референдум-2026

25 тамыздан бастап жаңа талаптар күшіне енеді: жүргізушілер нені білуі керек

Бүгін, 16:00
Думан Аманжол Думан Аманжол
25 тамыздан бастап жаңа талаптар күшіне енеді: жүргізушілер нені білуі керек
Фото: Астана қаласы коммуникациялар қызметі

Жол жүрісі қағидаларына енгізілген өзгерістердің негізгі мақсаты – жолдардағы қауіпсіздікті арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Нұрлан Уваев айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның сөзінше, биылғы жылдың наурыз айынан бастап Астанада «Сергек» жүйесімен қатар «Presight AL LTD» ЖШС-нің заманауи зияткерлік кешендері қолданылуда.

«Олар Жол жүрісі қағидаларының 15 түрге дейінгі бұзушылықтарын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа кешендерді кезең-кезеңімен енгізу барысында қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарудың 20 мыңнан астам дерегі, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдаланудың шамамен 2,5 мың жағдайы және жүргізушілердің жаяу жүргіншілерге жол бермеген 127 жағдайы анықталды. Қазіргі уақытта жүйені кеңейту бойынша монтаждау-техникалық жұмыстар жалғасуда. Жаңа камералар қосымша айыппұлдарды енгізбейтіні атап өтіледі. Олар тек заңнамада жауапкершілік көзделген қолданыстағы құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейді.

«Вафельді» жол таңбасының басты міндеті – қиылыстардың бітелуіне жол бермеу және көліктің еркін қозғалысын қамтамасыз ету. Жүргізуші қиылысқа оны толықтай тоқтаусыз өтіп кете алатын жағдайда ғана кіруі тиіс. Егер алда кептеліс болып, қиылыста тоқтап қалу қаупі болса, қиылысқа кіруге тыйым салынады. Бұл талапты бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес 3 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген», - деді спикер.

Ол сондай-ақ электр самокаттарын пайдаланушыларға қойылатын жаңа талаптар туралы айтты.

1 шілдеден бастап электр самокаттарын басқару құқығы жоқ тұлғаларға беретін операторлардың жауапкершілігін көздейтін өзгерістер күшіне енді. Кикшерингтік электр самокаттарына мемлекеттік тіркеу нөмірлерін бере отырып, міндетті тіркеу енгізілді. Оларды тек А1, А немесе В санатындағы жүргізуші куәлігі болған жағдайда басқаруға болады. Ал 25 тамыздан бастап электр самокаттарының тротуарлармен және жаяу жүргіншілер жолдарымен қозғалысына тыйым салынады. Қозғалыс велосипед жолдарымен, ал олар болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен жүзеге асырылады. Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 615-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Сондай-ақ жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан асатын конструктивтік мотовелосипедтер мопедтерге теңестірілген және міндетті мемлекеттік тіркеуге жатады. Электр самокаттары мен мотовелосипедтерді басқару кезінде қорғаныш құралдары мен жарық шағылыстыратын элементтерді пайдалану міндетті.

Сондай-ақ, «Сергек» компаниясымен бірлесіп, заң бұзушылықтарды тіркеу үшін электр самокаттарының тіркеу нөмірлерін автоматты түрде тану жүйесі енгізілуде. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша елордада мотовелосипед жүргізушілерінің кінәсінен 8 жол-көлік оқиғасы, ал электр самокаттарын пайдаланушылардың кінәсінен 14 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Рейдтік іс-шаралар барысында жеке мобильділік құралдарын пайдаланатын 6 мыңнан астам адам тексеріліп, 5 мыңнан астамы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді Нұрлан Уваев.

Оның айтуынша, 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілер екі жылда бір рет медициналық тексеруден өтуге міндетті.

«Медициналық тексеруден өткені туралы ақпарат Денсаулық сақтау министрлігі мен Ішкі істер министрлігі арасында автоматты түрде беріледі. Медициналық қарап-тексерудің растауы болмаған не медициналық қарсы көрсетілімдер анықталған жағдайда көлік құралдарын басқару құқығы тоқтатылады. Осы орайда азаматтарға жол жүрісі қағидаларын сақтаудың маңыздылығын еске саламыз. Енгізіліп жатқан өзгерістердің басты мақсаты – айыппұл санын көбейту емес, апаттар санын төмендету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау және жолдардағы қауіпсіздікті арттыру», - деп атап өтті спикер.

Еске салсақ, Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты.