Сирек жасалатын күрделі ота: дәрігерлер мойын омыртқасы зақымданған науқасты аман алып қалды

Сирек жасалатын күрделі ота: дәрігерлер мойын омыртқасы зақымданған науқасты аман алып қалды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында нейрохирургия саласындағы сирек әрі жоғары кәсіби шеберлікті талап ететін оксипитоспондилодез операциясы сәтті жасалды. Күрделі ота жол-көлік оқиғасы салдарынан ауыр жарақат алған науқасқа жүргізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz облыстық аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Науқаста одонтоидты өсінді (С1) мен екінші мойын омыртқасының доғасы (С2) сынған. Жарақаттың ауырлығына байланысты ол алғашқы күні клиникалық өлім жағдайына түскен. Осыған орай науқас жедел түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, дәрігерлердің тұрақты бақылауына алынды.

Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Думан Мырзабековтің айтуынша, С1-С2 деңгейіндегі жарақаттар өмірге аса қауіпті.

«Бұл аймақта ми бағанасы орналасқан. Ол тыныс алу, жүрек соғысы, қозғалыс пен сезімталдықты басқарады. Омыртқаның осы бөлігіндегі кез келген қозғалыс жұлынның зақымдалуына және ауыр салдарға әкелуі мүмкін», – деді ол.

Ота барысында С1 және С2 омыртқалары зақымдалғандықтан, бекіту желке сүйегі мен оның астындағы сау мойын омыртқалары арқылы жүргізілді. Бүйірлік массалардың шағын болуы стандартты бұрандаларды орнатуға мүмкіндік бермеген.

«Сондықтан асимметриялық әрі жоғары дәлдікті талап ететін бекіту әдісін қолдануға тура келді. Бұл тәсіл науқасты ерте қозғалысқа келтіруге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді дәрігер.

Операция сәтті өтіп, науқас отадан кейінгі алғашқы күні өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылды. Ал келесі күні өздігінен жүре бастады. Қазіргі таңда ол аурухананың оңалту бөлімінде қимыл-қозғалысты қалпына келтіру жаттығуларын жасап, қарқынды ем қабылдауда.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында мұндай жоғары технологиялы нейрохирургиялық оталарды жасауға толық мүмкіндік бар. Медициналық мекеме заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Сондай-ақ мұнда білікті әрі тәжірибелі дәрігерлер тобы қызмет атқарады.

Айта кетейік, оксипитоспондилодез – желке сүйегі мен мойын омыртқаларын бекіту арқылы омыртқаның тұрақтылығын қалпына келтіретін аса күрделі нейрохирургиялық операция. Ол жұлын мен ми бағанасын зақымданудан қорғау мақсатында жасалады және медициналық тәжірибеде сирек қолданылады.

Бұған дейін Астанада Эндоскопиялық орталықтың ашылғанын жазған едік.