Қазақстандық оқушылар жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасына қатысады
2026 жылғы 15-20 маусым аралығында Румынияның Бузэу қаласында Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасы (Junior Balkan Mathematical Olympiad, JBMO) өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.
Халықаралық білім додасына 26 елден 160-қа жуық оқушы қатысады. Қазақстан құрамасы олимпиадада 6 оқушымен ел намысын қорғайды.
Ұлттық құрама сапында:
Алихан Куракбаев – Павлодар қаласындағы №8 лицей-мектебінің 10-сынып оқушысы;
Айсултан Омар – Алматы облыстық Ш. Смағұлов атындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Сұлтан Төребек – Маңғыстау облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 9-сынып оқушысы;
Арнұр Кәрібай – Алматы қаласындағы NIS-тің 9-сынып оқушысы;
Ілияс Дінмұхамедұлы – Түркістан облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Темір Оразбек – Алматы қаласындағы РФММ-нің 9-сынып оқушысы.
Жасөспірімдер арасындағы Балқан математикалық олимпиадасы – 16 жасқа дейінгі оқушыларға арналған беделді халықаралық жарыс. Қазақстан бұл олимпиадаға 2004 жылдан бері қатысып келеді. 2025 жылы Қазақстан құрамасы жарысқа қатысу тарихындағы ең үздік нәтижесін көрсетіп, төрт алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Командалық есепте 24 ел қатысушылары арасында біздің оқушыларымыз екінші орынды иеленді.
Халықаралық білім додасында ұлттық құрама мүшелеріне сәттілік пен жоғары нәтиже тілейміз!