Президент: Әлеуметтік нысандар халыққа қолжетімді болуға тиіс
Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудандарда көбірек ашылуы тиіс екендігін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Сөз басында айтып өттім, қала халқының саны өте жылдам өсіп жатыр. Әлеуметтік инфрақұрылымға, әсіресе, денсаулық сақтау және білім беру жүйесіне зор ауыртпалық түседі.
Мәселе тым күрделенбей тұрғанда, жүйелі жұмыс істеу керек. Астана әкімі бірқатар медицина нысанының жұмысымен таныстырды. Екі емхана және балаларға арналған травматология орталығы салынатынын айтты.
Қаланың медицина инфрақұрылымын дамыту – өте маңызды міндет.
Осыған орай, әкімдікке Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін орталықтар адам тығыз қоныстанған аудандарда көбірек ашылуға тиіс. Бұл талап білім беру нысандарын салған кезде де қатаң сақталуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.