Мәскеу қаласының спорттық делегациясы Астанаға экскурсия жасады

Бүгін, 18:17
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мәскеу қаласының спорттық делегациясы Астанаға экскурсия жасады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Мәскеу қаласының спорттық делегациясы Қазақстан астанасының мәдени өмірімен танысуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сапар екі астана арасындағы достық және серіктестік қатынастардың 25 жылдығына орайластырылған спорттық және мәдени іс-шараларды қамтиды. 

Бұған дейін екі астананың спортшылары дзюдо және гимнастикадан жолдастық кездесу өткізсе, бүгін мәскеулік меймандар еліміздің бас қаласы – Астанаға экскурсия жасады.

«Біз экскурсиямызды арнайы жалданған автобуспен қонақүйден бастадық. Астананың кең әрі көрікті көшелерімен жүріп отырып, Ақорданы және мешітті сырттай тамашаладық. Одан кейін «Бәйтерек» монументіне кіріп, саяхат жасадық. Сонымен қатар «Хан Шатыр» мен Mega сауда орталықтарын бір айналып өттік», - деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов. 


Қала қонақтары да экскурсиядан алған әсерлерін бөлісіп, Астана туралы жылы лебіздерін айтты. 

«Біз елорданың символына айналған «Бәйтерек» монументіне бардық. Өте айбынды әрі ерекше нысан екен. Монументтің төбесіне көтеріліп, Астананы құс ұшар биіктіктен тамашаладық. Қала түнгі жарықтарымен жарқырап, әрбір ғимараттың әсемдігін айқын көрсетті. Алған әсеріміз өте керемет, көңілкүйіміз көтеріңкі болды. Сонымен қатар ең биік ғимараттардың бірі — Абу-Даби Плазаны да көрдік», - деді спортшы Демьян Нарышкин. 

Мәскеулік спортшылар бұдан соң «Барыс Аренадағы» «Барыс» және «Сочи» хоккей командаларының ойынын тамашалауға аттанды. 

Айта кетейік, мәскеулік делегация ертең Ресейге оралады. 

Еске салайық, бұдан бұрын Астанада Мәскеу күндері аясында дзюдодан жолдастық кездесу өткенін жаздық.