Өнерлі баладан елін сүйетін азамат шығады – Назгүл Дүйсен

Бүгін, 08:52
Думан Аманжол Думан Аманжол
Өнерлі баладан елін сүйетін азамат шығады – Назгүл Дүйсен
Фото: № 2 өнер мектебі

21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Бұл мереке еліміздегі шығармашылық саланың дамуына үлес қосқан барша мамандарға құрмет көрсету күні болып саналады. Осы орайда біз Астана қаласы әкімдігінің №2 өнер мектебі директоры, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері Назгүл Дүйсенмен сұхбаттасып, мектептің жетістігі, оқушылардың шығармашылық дамуы және өнерге деген сүйіспеншілікті қалай қалыптастыратыны туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

- Назгүл Жетпісбайқызы, елордадағы №2 өнер мектебі қай жылы ашылды, құрылу тарихынан әңгімемізді бастасақ. 

- №2 өнер мектебі Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2005 жылы ақпанның 15-і күні балаларға театр өнерін үйрету мақсатында ашылған. Мектебіміздің алғашқы директоры «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, білім беру ісінің үздігі Базаркүл Мұқажанова. 2009-2024 жылдар аралығында «Ыбырай Алтынсарин», «Мәдениет салсының үздігі» төсбелгілерінің иегері Гүлмира Жангелдіқызы мектеп директоры болды. Мен мектепті 2024 жылдың қазан айынан бастап басқарып келемін. Білім ордасы алғаш ашылған жылдары өнер саласында өзіндік сара жол салған, елімізге танымал бірқатар өнер майталманы еңбек етті. Олар балалар өнерін дамытуға үлес қосты. Атап айтқанда, Қазақстанның халық әртісі Гүлжан Әспетова, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратова, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жұмагүл Мейрамова, философия ғылымдарының кандидаты Тоғжан Хасанғалиева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Болат Ұзақов, Алтынай Нөгербек.

- Қазіргі таңда мектепте балаларға қандай бағытта білім бересіздер, мысалы, музыка, би, сурет?

Қазіргі таңда біздің мектепте келесідей бөлімдер мен сыныптар бар: Музыка бойынша «Қазақ халық аспаптары» бөлімі бар. Онда  домбыра, қобыз, қылқобыз, сазсырнай, жетіген сыныптары жұмыс істейді. «Аспапты» бөлімінде фортепиано, скрипка, баян сыныптары бар. «Ән орындау» бөлімінде эстрадалық вокал және дәстүрлі ән сыныптары бар. Көркем-эстетикалық бөлімде «Сурет» сыныбы бар. Балалар мұнда сурет, кескіндеме, мүсін, композиция, өнер тарихы, қолөнер пәндерін оқиды. Айта кетейін, бұл бөлімде Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, «Мәдениет саласының үздігі» суретші-педагог Қайрат Жәйірбекұлы жұмыс істейді.

«Киімді көркемдеп үлгілеу» сыныбында қазақ  халқының түрлі стильдегі ұлттық ою-өрнектерін қолдана отырып, киім үлгілерін әзірлеуді үйретеді.

«Театр» сыныбында әр оқушының еркін ойлап, анық сөйлеп, өзін-өзі батыл ұстауға, мәдениеттілікке тәрбиелеу, сөздік қорын байыту, белсенділігін арттыру, бойындағы өз мүмкіндігін ашып, қолдана білуге тәрбиелеу, шығармашылық қабілет, дарынын дамыту көзделген.

«Хореография» сыныбында оқушылар ұлттық билердің қимылдарын үйренеді. Мұнда оқушылар сондай-ақ ритмика, классикалық, ұлттық, заманауи би, музыкалық сауат ашу, Қазақстан, шетелдік хореография пәндерін оқиды.

- Мектепте бүгінгі күні қанша оқушы білім алады және мақтан тұтар оқушылар бар ма, олардың қандай жетістіктері бар?

- Қазіргі таңда мектебімізде жоғарыда аталған бағыттар бойынша 680-ге жуық оқушы білім алады. Олардың арасында мақтан тұтар оқушыларымыз жетерлік. Мысалы, фортепиано бойынша  Дәмелі Базекова, сурет пәні бойынша Толғанай Дахай, Назерке Махмуд, Амина Нұрлыхан, Томирис Жолдасбекова, Нұржан Қонысбай, Інжу Лесбек, Ажар Елтай, Айғаным Амантай секілді халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.

- Мектепте өнер, мәдениет саласында еңбегі сіңген, белгілі ұстаздар еңбек ете ме?

- Иә, олардың арасында Қайрат Жәйірбекұлы, Жаңылсын Күмісбекова, Құралай Қырықбаева,  Гауһар Бәйішева, Айнагүл Бияжанова, Гүлшат Жұмабаева секілді ұстаздарымыз бар.

- Өнер мектебі бүгінге дейін қандай жетістіктерге жетті? 

- Мектеп ұжымы 2012 жылы «Қазақ тілінде іс қағаз жүргізуші ең үздік мекеме» атауын, 2013 жылы «Ең үздік қосымша білім беру мекемесі» атағы мен әкім грантын жеңіп алды. Халықаралық деңгейде «Өнер - шексіз әлем» жобасы негізінде Якутск қаласы, Саха (Якутия) республикасының өнер мектебімен телекөпір-кездесу өтті. Мектеп сайты 2026 жылы «Білім беру ұйымдарының үздік сайты - 2026» қалалық байқауының жеңімпазы болды.

- Бүгінгі Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай мектепте іс-шаралар ұйымдастырыла ма? 

- Бүгінгі мереке және басқа да айтулы даталарда «Домбыра думан» іс – шарасы өткізіліп тұрады. Сонымен қатар, мектебіміз «ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ТӘРБИЕ КӨЗІ» жобасымен жұмыс жүргізеді. Сондай-ақ, қаламыздың ашық аспан аясында суретшілердің пленэр жұмысын өткізуді көздеп отырмыз. Жалпы, мұндай мерекелердің оқушыларға берер тәрбиесі мен әсері өте мол. Гаджет пен жаңа технологиялардың дамыған заманда бос уақытын өнер үйрену, қолөнер жасаумен айналысқан бала ең алдымен өз елінің мәдениетін, салтын, дәстүрін дәріптейтін, құрметпен қарайтын болады.

- Оқушыларға өнер, мәдениетке деген қызығушылықты қалай оятасыздар?

- Біздің мектептің ұраны «Сұлу мінез өнерменен өрілсін» деп аталады. Жүсіп Баласағұнның бұл сөзін ұран еткен біз әр дыбысты – әдемі әуенге, әр қимылды – үйлесімді биге, әр түсті – бояулы суретке, әр арманды – сахнадағы шабытқа, әр дизайнды – өнер туындысына айналдыруға тырысамыз. Оқушыларымыздың шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру үшін – мектепішілік, қалалық, республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып, бағын сынап, өнердің сара жолына бағыт-бағдар береміз.

- Мектептің алдағы жылдарға арналған жоспары қандай?

- Алдағы жылдарға қойған жоспарымыз көп. Биыл жыр айту, ағаш, тері, қышпен жұмыс, құрақ құрау сияқты қосымша сыныптар ашсақ, келер 2026-2027 оқу жылында «Жас қаламгер» қосымша сыныбын ашуды жоспарлап отырмыз. «Қуыршақ театры», «Жасанды интеллект» атты қосымша сыныптарды ашу  жоспарда бар. Одан бөлек, заман талабына сай гитара, академиялық ән айту сыныбын ашсақ деп отырмыз.

«ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ТӘРБИЕ КӨЗІ» жобасы аясында өтетін іс-шараларды көбейту ойда бар. 

Ұлттық кітапханамен серіктестік аясында кітап оқу, талқылау, қызық кітаптарды іздеу, мектепішілік іс-шараларын ұйымдастыру жоспарда бар.

- Сіздің ойыңызша өнер, мәдениет саласының басты мақсаты неде?

Мен үшін ең маңызды мақсат – жас ұрпақтың бойына заманауи құндылықтармен қоса ұлттық құндылықтарды сіңіру, әр баланың шығармашылық қабілетін ашу, дамыту. Өз тілінде сөйлей алатын, өз отанын сүйетін, өз мәдениеті мен тарихын дәріптеп, мақтан тұтатын, білімді, мәдениетті, өнерлі, бәсекеге қабілетті оқушы тәрбиелеп, оларды үлкен өмірдегі жолына бағыт –бағдар беру өте маңызды деп есептеймін.

- Сұхбатыңызға рахмет, шәкірттеріңіз биіктерден көріне берсін.