Интернет-алаяқтықтан зардап шеккендерге 4,8 млрд теңге қайтарылды - ІІМ
Интернет-алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Алайда полиция киберқылмысқа қарсы күресті күшейтіп келеді. Жыл басынан бері ІІМ интернет-алаяқтық фактілерінің санын 7%-ға төмендетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Бүгінгі таңда кибералаяқтық ең көп тараған қылмыс түріне жатады. Қылмыскерлер өздерінің тәселдерін үнемі өзгертіп отырады, заманауи технологияларды, психологиялық қысымды қолданады және азаматтардың ақшасын иемденуге тырысады. Сондықтан біздің басты міндетіміз - қылмыскерлерді анықтап, жауапкершілікке тартумен ғана шектелмей, азаматтарды алаяқтық әрекеттерден қорғауды қамтамасыз ету.
Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың саны 7%-ға азайды. Оларды ашу көрсеткіші жақсарды, жәбірленушілерге 4,8 миллиард теңге қайтарылды. Ұлттық банкпен бірлесіп, тағы 2,6 миллиард теңгені заңсыз алуға жол берілмеді, - деді ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Әлібек Оразалы.
Оның айтуынша, профилактикаға көп көңіл бөлінуде. Азаматтарға ең көп таралған алдау схемалары туралы ескертіледі. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру қолға алынған. Полиция операторлармен бірлесіп, 150 млн-нан астам алаяқтық қоңырауды бұғаттады.
- Ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және жою бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Шетелдік әріптестермен бірге бірнеше халықаралық алаяқтық call-орталықтардың қызметі тоқтатылды, қазақстандықтардың ақшасын ұрлаған ондаған қатысушылар ұсталды. Азаматтардың дербес деректерін заңсыз таратқан қылмыстық интернет-ресурстың қызметі әшкереленіп, кінәлілер ұсталды.
Сондай-ақ біз ірі интернет-платформалардың әкімшіліктерімен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Бұл өз кезегінде жалған хабарламалар тарататын, алаяқтық және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, басқа да қылмыстар жасайтын қаскүнемдерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Алайда ешқандай технология жеке қырағылықты алмастыра алмайтынын ескерткіміз келеді. Ешқашан бөгде адамдарға SMS кодтарын, банк карталарының деректерін бермеңіз және белгісіз тұлғалардың өтініші бойынша бағдарламаларды орнатпаңыз, олар банктің, байланыс операторларының, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қызметкерлері болып хабарласуы мүмкін. Егер сізде кішкене күмән туындаса, әңгімені үзіп, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз қоңырау шалыңыз және полицияға күдікті қоңырау туралы хабарлаңыз, - деді Әлібек Оразалы.
Еске салсақ, Астанада дропперлік пен интернет-алаяқтыққа қарсы ақпараттық науқан жүргізіліп жатыр.