Елордалық полицейлер кикбоксингтен ҚР кубогында топ жарды

Бүгін, 11:28
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордалық полицейлер кикбоксингтен ҚР кубогында топ жарды
Фото: Астана қаласы Полиция департаментінен

Петропавл қаласында кикбоксингтен Қазақстан Республикасының кубогы жоғары деңгейде өтті. Республикалық маңызы бар бұл жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен барған 120-дан астам спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Аталған бәсекеде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары спорттық дайындықтарын дәлелдеп, жүлделі орындарға ие болды.

Астана қаласы Полиция департаменті Жедел қимылдайтын арнайы жасақ инспекторы, полиция аға лейтенанты Махир Әлиев 91+ келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалдық жекпе-жектерде қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, І орынды иеленді.

Сонымен қатар ЖҚАЖ инспекторы, полиция капитаны Ербол Тоқтаров 63,5 кг салмақ дәрежесінде жоғары деңгейдегі шеберлік танытып, тартысты кездесулер нәтижесінде ІІІ орынды жеңіп алды.

«Бұл жарыс қос бірдей спортшымыздың физикалық дайындығымен қатар, төзімділігі мен жауынгерлік рухын сынға салды. Полиция қызметкерлерінің мұндай нәтижелерге қол жеткізуі – олардың күнделікті қызмет пен спортты қатар алып жүріп, тәртіп пен заңдылықты сақтаумен бірге салауатты өмір салтын насихаттап жүргенінің айқын көрінісі.

Жүлдегер спортшыларды лайықты жеңістерімен құттықтай отырып, алдағы халықаралық және республикалық жарыстарда да биік белестерді бағындыруларына тілектестік білдіреміз», - делінген Астана қаласы Полиция департаментінің хабарламасында.

Бұған дейін Қазақстан полициясы Жаңа жылға байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін жазған болатынбыз.