Елордада мемлекеттік қызметке қатысты шағымдар Telegram арқылы қабылданады
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде азаматтардың бұзылған құқықтары болған жағдайда және оларды қалпына келтіру, сонымен қатар мемлекеттік қызметтер көрсету сапасына қанағаттануын арттыру және мемлекеттік жүйеге деген сенімін нығайту мақсатында азаматтардың өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы EgovKzBot2.0 тelegram-боты жұмыс атқарады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Азаматтар мобильдік қосымша арқылы нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызметтердің сапасына өтініштер жолдау, бюрократиядан арылту немесе мемлекеттік қызмет көрсету процесін одан әрі жетілдіруге қатысты ұсыныстарын білдіре алады.
«Telegram ботты пайдалану тәртібі өте қарапайым. Ол үшін Telegram қосымшасын ашып, іздеу жолағына EgovKzBot2.0 деп теріп, ботты іске қосу жеткілікті. Әрі қарай ұсынылған бөлімдердің ішінен «Уәкілетті органға өтініш» түрін таңдап, туындаған мәселені қысқаша сипаттап жіберуге болады. Жүйе өтінішті тіркеп, департаментке жолдайды.
Осылайша, Астанa қаласы бойынша аумақтық департаментіне азаматтар тарапынан медицина, білім, әлеуметтік және т.б. салаларға қатысты арыз-шағым, өтінімдер мен ұсыныстар келіп түсуде және барлығы қарастырылып, азаматтардың мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысты сұрақтарына жауап берілуде», - делінген хабарламада.
Кез келген тұлға мемлекеттік қызмет көрсету кезінде құқықтары бұзылған жағдайда департаментке Сарыарқа даңғылы 13, мекенжайы бойынша жазбаша, не электрондық түрде «электрондық үкімет» порталы немесе Е-Otinish азаматтардың барлық өтініштерін қабылдау мен өңдеудің бірыңғай платформасы және EgovKzBot2.0 Telegram бот-платформасы арқылы жүгіне алады.
Еске салсақ, Президент Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының жаңа орынбасарын тағайындаған болатын.