Бас прокуратура жүргізушілерді жол қозғалысы мәдениетін сақтауға шақырды
Бас прокуратура жоғары көлік жүргізу мәдениеті жол қауіпсіздігінің негізі екенін қаперге бере отырып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылатынын және қадағалаушы органдардың тұрақты бақылауында екенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет». Президенттің айтуынша, көбінесе қиын сәттерде азаматтардың тәртіпке бағынуы олардың қауіпсіздігіне кепіл болады.
Осындай мәдениетті қалыптастыру мақсатында Бас прокуратураның, ішкі істер, көлік және денсаулық сақтау министрліктерінің, жергілікті атқарушы органдардың және басқа да мемлекеттік құрылымдардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі енгізіліп, жүргізушілерді даярлайтын оқу ұйымдарын лицензиялау қайта қалпына келтірілді, мопедтерді міндетті тіркеу енгізілді, құқық бұзушылықтарды автоматты тіркеу кеңейтілді, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдері бар жүргізушілер туралы мәліметтермен цифрлық алмасу жолға қойылды.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін беруде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендердің саны 6%-ға (22 346-дан 21 007-ге дейін), ал қаза тапқандар саны 15,5%-ға (955-тен 807-ге дейін) азайды. Соның нәтижесінде 148 адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды.
Сонымен қатар, жолдардағы ахуал әлі де күрделі. Әсіресе, Жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзу, заңсыз түнгі жарыстар және жол бұзақылығының өзге де көріністері ерекше алаңдаушылық туғызады.
Алты ай ішінде 15 188 жол-көлік оқиғасы тіркелді, олардың жартысынан астамын Жол жүрісі қағидаларын қасақана әрі жүйелі түрде бұзатын жүргізушілер жасаған. Жаяу жүргіншілер өткелдерінде 5 971 адам жарақат алып, 208 азамат, оның ішінде 40 бала қаза тапты. Мас күйінде көлік басқарған жүргізушілердің кінәсінен 209 адам зардап шегіп, 8 адам көз жұмды.
Ең ауыр зардаптар бұрынғыдай жылдамдықты арттыру мен қауіпті маневр жасауға байланысты. Дәл осы құқық бұзушылықтардың салдарынан 8 мыңнан астам адам жарақат алып, 676 азамат қаза тапты.
Сондықтан бүгінде жол бұзақыларына қатысты ұсақ бұзақылық үшін жауаптылыққа тарту тәжірибесі белсенді түрде енгізілуде. Соттар прокурорлардың құқықтық ұстанымын қолдап, құқық бұзушыларға әкімшілік қамақ тағайындауда. Жыл басынан бері ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша 29 жол бұзақысы әкімшілік қамаққа алынды.
Биылғы 25 тамыздан бастап 65 жастан асқан жүргізушілер мен мүгедектігі бар жүргізушілердің міндетті медициналық тексеруден өтуін бақылау тетігі жетілдіріледі. Бұл өзгерістер жаңа міндет жүктемейді, өйткені міндетті медициналық тексеру 2014 жылдан бері қолданыста. Медициналық тексеруден өткені туралы мәлімет мемлекеттік ақпараттық жүйеде болмаған жағдайда жүргізуші куәлігінің қолданылуы автоматты түрде тоқтатылады, ал №073/е нысанындағы медициналық қорытынды туралы ақпарат түскеннен кейін автоматты түрде қайта қалпына келтіріледі. Бас прокуратура азаматтарға медициналық куәландырудан алдын ала өтуді қатаң түрде ұсынады.
Прокуратура органдарын цифрлық трансформациялаудың нәтижелерінің бірі – Бас прокуратура «Цифрлық қадағалау» платформасы негізінде іске асырған жүргізушілердің тәртібін балдық бағалау жөніндегі пилоттық жоба. Ол бүкіл ел бойынша Жол жүрісі қағидаларын жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді анықтауға мүмкіндік береді. Заңнамалық ұсыныстарды іске асыру Ішкі істер министрлігімен бірлесіп Құрылтай алаңында пысықталатын болады.
Заңнаманы жетілдірумен қатар прокуратура органдары профилактикалық жұмысты жалғастыруда. 2026 жылғы 23 шілдеде Бас прокуратура Жол жүрісі қағидаларын жүйелі түрде бұзатын елорда жүргізушілермен кездесу өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, кезекті құқықбұзушылық адам өліміне әкелмей тұрып, олардың мінез-құлқын өзгертуге ықпал ету. Бұл – прокуратураның «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асырудағы превентивтік тәсілінің көрінісі.
Азаматтарды қауіпті көлік жүргізу, заңсыз жарыстар және Жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзу фактілері туралы полиция органдарына хабарлауға шақырамыз. Тәжірибе көрсеткендей, ауыр жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігін бұрын бірнеше рет әкімшілік жауаптылыққа тартылған жүргізушілер жасайды. Кейбір құқық бұзушылар үшін айыппұл заң талаптарын елемеудің құнына айналып барады. Мәселен, Алматы қаласында үш адамның өмірін қиған жол апатының кінәлісі бұған дейін жылдамдықты 21 рет асырған, ал Ақмола облысындағы адам өліміне әкелген жол апатын жасаған жүргізуші бұған дейін Жол жүрісі қағидаларын 13 рет бұзған. Азаматтардың уақтылы хабарламалары мен бейнетіркегіштердің жазбалары жол бұзақыларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Автокөлік – жоғары қауіптілік көзі екенін әрдайым есте ұстаған жөн. Тәртіпті жүргізушінің қолында ол жай ғана көлік құралы болса, заң талаптарын әдейі елемейтін адамның қолында адам өліміне әкелетін қауіпке айналуы мүмкін.
Жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігі ерекше маңызды. Жолдың жүру бөлігіне шығар алдында оның қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет, ал ата-аналар кішкентай балаларды әрдайым қолынан жетектеп жүруі тиіс. Әсіресе дыбысы бәсең электр көліктерін басқаратын жүргізушілер жаяу жүргіншілерге барынша мұқият болуы қажет.
Жүргізуші мәдениеті Жол жүрісі қағидаларын сақтаумен ғана шектелмейді, ол қоршаған ортаға ұқыпты қараудан да көрінеді. Көліктен қоқыс тастамаңыз – тәртіпәр адамның жеке жауапкершілігінен басталады.
Бас прокуратура жылдамдықты арттыру, қауіпті маневр жасау, мас күйінде көлік басқару, көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және Жол жүрісі қағидаларын өзге де өрескел бұзу жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамаққа алуға, ал ауыр зардаптар туындаған жағдайда қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады. Жол қозғалысы қауіпсіздігі ең алдымен әрбір жол қозғалысына қатысушының жеке жауапкершілігіне байланысты. Адам өмірін сақтау мен қауіпсіз көлік жүргізу мәдениетін қалыптастыруға мемлекет пен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы ғана қол жеткізуге болады.