«Балаларға ойын арқылы қысым көрсетеді»: елімізде жаңа алаяқтық түрі пайда болды
Қазақстанда балалардың психологиялық әл-ауқатына кері әсер етуі мүмкін алаяқтықтың жаңа түрі белең алып жатыр. Бұл туралы Қазақстан Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова өз Instagram парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде балалар мен жасөспірімдерді арбауға бағытталған алаяқтықтың жаңа түрі пайда болуда.
Алаяқтар түрлі бейнероликтер арқылы «ойынды бұзудың құпиясы», «тегін бонус алу жолы», «жабық функцияларға қол жеткізу» секілді жалған уәделерді таратуда. Мұндай бейнелердің сипаттамаларында, әдетте Telegram арналарына бағыттайтын сілтемелер орналастырылады. Аталған ресурстарда кәмелетке толмағандардан «верификациядан өту», «ID арқылы кіру» немесе басқа да түсініксіз әрекеттерді орындау талап етіледі.
Осыдан кейін қаскөйлер психологиялық қысым көрсетіп, балаға «құрылғыңыз бұзылды», «жеке деректеріңіз бен хаттарыңыз біздің қолымызда» деген мазмұнда хабарламалар жібереді. Осы сынды әрекеттер арқылы әдейі үрей тудырылады. Қорқынышқа тап болған жағдайда бала ақша аударуға мәжбүр болуы мүмкін», - деп ескертті Оспанова.
Маманның сөзінше, анықталған қауіп-қатерлерге байланысты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Қазақстан Ішкі істер министрлігінің Киберқылмыспен күрес департаментіне жедел түрде жүгінген және факті бойынша ақпарат қаралып, бақылауға алыныпты.
«Күдікті әрекеттер немесе осыған ұқсас жағдайлар анықталс, азаматтардан Е-Өтініш» порталы арқылы хабарлауды, сондай-ақ құқық қорғау органдарына немесе 111 байланыс орталығына жүгінуді сұраймыз», - деп қосты Оспанова
Осы орайда мамандар балаңызбен мынадай мәселелерді талқылап өтуге кеңес береді:
-Бейнематериалдарда, пікірлерде немесе жеке хабарламаларда орналастырылған, ойындарды бұзу, бонустар алу немесе жабық функцияларға қол жеткізуге уәде беретін сілтемелерге өтпеу қажет;
-Бейтаныс адамдардың не Telegram арна жүргізушілердің талабымен ешқандай жағдайда «верификациядан», «ID-арқылы кіру» сияқты тексерулерден өтпеген дұрыс;
-Жеке мәліметтерді, SMS арқылы келетін кодтарды, аккаунт деректерді, тіпті құпиясөздерді үшінші тұлғаларға беруге болмайды, тіпті олар құрылғы немесе аккаунт бұзылды деп сендірсе де;
-Қорқыныш тудыратын мазмұндағы хабарламалар алынған жағдайда, дереу сөйлесуді тоқтатып, ата-анасына немесе заңды өкіліне хабарлау қажет.
Ата-аналар қабылдауға тиіс алдын алу шаралары:
-Балаға интернет-алаяқтықтың кең таралған әдістерін және алаяқтар қолданатын психологиялық ықпал ету тәсілдерін түсіндіру;
-Құрылғыларда ата-ана бақылауын орнату арқылы бөгде сілтемелерге өтуге шектеу қою;
-Интернет кеңістігінде туындайтын күмәнді жағдайлар туралы бала дер кезінде хабарлай алатындай сенімді қарым-қатынас орнату.
Оспанова, сондай-ақ Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған бірқатар норма енгізу қарастырылып жатқанын мәлімдеді.
Мәселен, жедел хабар алмасу сервистерін қоспағанда, он алты жасқа толмаған тұлғалардың онлайн-платформалардатіркелуіне тыйым салу ұсынылып отыр.
«Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бұл бастаманы қолдайды әрі оны кәмелетке толмағандарды онлайн кеңістікте таралатын алаяқтық және қауіпті схемалардан қорғауға бағытталған алдын алу шараларының бірі ретінде қарастырады», - деп қосты Оспанова.
Еске салайық, бұдан бұрын инвестиция саламын деп алаяқтарға 13 млн теңге аударған Талдықорған тұрғыны туралы жаздық.