«Атамекен» ҰКП: «Іскер аймақ» шағын бизнес үшін баспалдақ болады
«Іскер аймақ» бағдарламасы өңірлерде шағын бизнесті сапалы кеңейтуді қамтамасыз етеді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Шоқанов мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, жаңа тәсілдер «кәсіпкерлік баспалдақ» жүйесі арқылы микрожобаларды тұрақты өндіріске айналдыруға мүмкіндік береді.
Негізгі басымдықтар:
Қолдау мақсатты түрде жүзеге асады. Басым салалар әр ауданның әлеуетінің рейтингі және кәсіпкерлердің өздері жүргізген сауалнама негізінде айқындалады.
Бағдарлама қолданыстағы жобаларды біріктіреді. Егер «Ауыл аманаты» бизнесті нөлден бастауға көмектессе, ал «Іскер аймақ» оны кеңейтуді және жаңа нарықтарға шығуды қамтамасыз етеді.
Әрбір ауылда және моноқалаларда шағын индустриялық аймақтар мен коммуникациялары тартылған дайын өндірістік алаңдар құру жоспарлануда.
«Жаңа бағдарлама «нөлден» бастап оқытудан тұрақты бизнеске көшуге дейінгі аралықты қамтиды. Біз «әлеуметтік баспалдақ» ретінде қызмет ететін, «Ауыл аманатына» қатыстырудан бастап, «Іскер аймақ» шеңберінде нақты кеңейтуге дейінгі бірыңғай кәсіпкерлік жүйе құрып жатырмыз», - деп атап өтті Нұрсұлтан Шоқанов.