Астанадағы коммуналдық жағажайда мобильді модульдік капсула іске қосылды
Астанада Есіл өзенінің коммуналдық жағажайында Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновке мобильді модульдік капсуласы көрсетілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа модульдің негізгі артықшылықтарының бірі оның мобильділігі. Қажет болған жағдайда капсуланы басқа су айдынының учаскесіне тасымалдап, қайта орнатуға болады.

«Модуль байланыс құралдарымен, бейнебақылау жүйесімен, құтқару керек-жарақтарымен және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жабдықтармен жарақталған. Бейнебақылау жүйесі жағажай аумағы мен оған іргелес акваторияны бақылауға мүмкіндік береді, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтауға және ден қою уақытын қысқартуға ықпал етеді. Барлығы коммуналдық жағажай аумағы мен оған іргелес акваториядағы жағдай 128 бейнекамераның көмегімен бақыланады. Камералардан түсетін бейнелер Астана қаласы ТЖД кезекші бөліміне шығарылған. Капсуланың ішінде жұмыс аймағы, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған жұмыс орны, демалыс аймағы, асүй аймағы және санитариялық торап қарастырылған», - делінген хабарламада.
Құтқару бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуын күшейту аясында су айдынында жедел патрульдеу және құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған жаңа гибридті RIB қайығы да пайдалануға берілді. Жасалған жағдайлар құтқарушыларға кезекшілікті тиімді атқаруға, жағдайды тұрақты бақылауда ұстауға және ықтимал оқиғаларға жедел ден қоюға мүмкіндік бермек.


Еске салсақ, ТЖМ судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.