Астанада жазғы лагерьдегі балаларға қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Астана қаласының прокуратурасы «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының жазғы лагерінде тәрбиеленушілерге арналған профилактикалық кездесу өткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара интерактивті форматта ұйымдастырылып, балаларға жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережелері жан-жақты түсіндірілді. Кездесуде су айдындарында өзін ұстау қағидалары, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде болуына жол бермеу, ересектердің қарауынсыз суға түспеу, сондай-ақ көшелерде, аулаларда және ойын алаңдарында сақтық шараларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Прокуратура өкілдері балаларға қауіпсіздік талаптарын сақтау олардың өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі екенін атап өтті. Сонымен қатар заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру мен жеке жауапкершіліктің маңызы түсіндірілді.
Астана қаласының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады.