Астанада ауа райының қолайсыздығына байланысты дрон-шоу өтпейді
19 желтоқсан күні Астананың алты ауданында жаңажылдық шыршаларды жағу шарасы өтеді. Осыған дейін мерекелік бағдарлама аясында дрон-шоу ұйымдастыру жоспарланған еді, алайда ауа райының қолайсыздығына және мамандардың ұсынымына байланысты ол кейінге қалдырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, Астанада қар жауып, бұрқасын болуы, желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Осыған байланысты көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және техникалық құралдарды сақтау мақсатында дрондардың ұшуы уақытша тоқтатылды.
Оқи отырыңыз: Астанада шырша шамын жағуға байланысты «Астана Арена» маңында қозғалыс шектеледі
Айта кетерлігі, қалған мерекелік іс-шаралар жоспарға сәйкес өтеді. Биыл елордадағы жаңажылдық бағдарлама «Ертегі Fest» атты бірыңғай ертегілік стильде ұйымдастырылып отыр.
Бұған дейін Астанада 40-тан астам жаңажылдық шыршаның шамы бір уақытта жағылатынын жазған болатынбыз.
Қаланың алты ауданында бір мезетте 40-тан астам жаңажылдық шыршаның шамы жағылады. Барлық алаңда мұз айдындары, сырғанақтар, фотоаймақтар, шағын сәулет нысандары және өзге де мерекелік орындар жұмыс істейді.
Негізгі алаңдардағы концерттік бағдарламалар сағат 17:30-да басталады.