Ақтөбеде қымыз атауымен ел бойынша психотроптық заттар сатқан интернет-есірткі дүкені жойылды

Бүгін, 12:06
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ақтөбеде қымыз атауымен ел бойынша психотроптық заттар сатқан интернет-есірткі дүкені жойылды
Фото: freepik.com

Ақтөбе облысының арнайы прокурорлары интернет-дүкен (Qymyz shop) арқылы бүкіл ел бойынша психотроптық заттарды сатқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық істі аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бұл дерек Ақтөбе облысының полиция департаментінің қызметкерлерімен өзара іс-қимыл барысында анықталды, дүкеннің жалпы айналымы 50 млн теңгеден астам қаржыны құрады.

«Интернет-есірткі дүкені арнасының қылмыстық схемасы Telegram қосымшасындағы «байланыссыз қатысу» нысанында ұйымдастырылған, ал ақша қозғалысы «дропперлердің» банктік карталары арқылы жүзеге асырылған.

Барлық көрсетілген деректер бойынша Қылмыстық кодексінің 262, 297, 299-1-баптарымен (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оларға басшылық ету, заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу, есірткі, психотроптық заттарды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді», - делінген хабарламада.

Жедел тергеу іс-шараларының нәтижесінде Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе облыстары мен Астана қаласының аумағында 6 адам анықталып, ұсталды.

10 келіден астам психотроптық заттар тәркіленді.

Тергеу органдарының пәрменді процестік әрекеттерінің нәтижесінде интернет-дүкен толығымен жойылды.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.

Бұған дейін Алматыда аса ірі көлемде есірткі жеткізу арнасының жолы кесілгенін жазған болатынбыз.