«Уақыт үнемдейді, кептеліс жоқ»: тұрғындар LRT-нің алғашқы әсерімен бөлісті

Бүгін, 14:35
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Уақыт үнемдейді, кептеліс жоқ»: тұрғындар LRT-нің алғашқы әсерімен бөлісті
Фото: Думан Аманжол

Астана тұрғындары мен қала қонақтары жаңа іске қосылған LRT-ге мініп, алғашқы әсерлерімен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Көпшілік жаңа көлік жүйесінің жайлылығы, жылдамдығы және қала қозғалысын жеңілдететінін ерекше атап өтті.

Зейнеткер Мәрияш Шәкербайқызы бұл күнді көптен күткен қуанышқа теңеді. 

«Кеше Президент бастаған ел басшылығы жаңа желіні аралап көрсе, бүгін тұрғындар да LRT мүмкіндігін пайдаланып жатыр. Сәті түсіп бүгін біз де аралап келе жатырмыз, өте тамаша ұнады, ел іргесі аман болсын, жұртымыз тыныш болсын.Көптен күткен қуанышымыз ұзағынан сүйіндірсін. Кеше Президент сондай-ақ жаңа әуежай салу туралы айтты, сол қуанышты күнге де жетейік», - деді зейнеткер. 


Қала тұрғыны Арнагүл LRT-мен алғаш рет жүргенін айтып, пойыз іші таза әрі заманауи екенін жеткізді. 

«Бүгін бірінші рет жүріп тұрмын. Ұнап жатыр, вагондар іші күшті, таза, әдемі екен. Астананың сұлулығына тәнті болып жатырмыз. Жол уақыты да айтарлықтай қысқарды. Енді елордаға келген қонақтарымызға Астананың көрікті жерлерін ыңғайлы түрде аралатуға мүмкіндік туды», - деді ол.

Талдықорғаннан іссапармен келген Абай есімді ағамыз жаңа көлік жүйесі көңілінен шыққанын айтып, стансалардың көбейгенін қолдайтынын жеткізді.


Ал елорда тұрғыны Константин LRT-ні қаланың дамуының белгісі деп бағалады.

«LRT — керемет жоба. Осы арқылы еліміздің дамып, алға жылжып жатқанын көруге болады. Жол жүру уақыты айтарлықтай қысқарды. Қазір біз театрдан әуежайға бара жатырмыз, бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жылдам. Кептелісте тұрған көліктерді көріп отырмыз. Ал LRT — ыңғайлы, жайлы әрі уақытты үнемдейді», - деді ол.


Алғашқы жолаушылардың бірі Шынар да LRT-нің ыңғайлылығына жоғары баға берді.

«Вагон іші салқын, орын жеткілікті әрі жолаушыларға барлық қажетті ақпарат уақытылы хабарланып отырады. Бұрын «Нұрлы жол» вокзалынан әуежайға жету ұзақ уақыт алса, енді кептеліссіз әрі жайлы қатынауға мүмкіндік туды. Жаңа көлік түрі  әсіресе балалармен және арбамен жүретін жолаушыларға өте ыңғайлы. Күн ыстықта салқын, жайлы, орын жеткілікті және жолсеріктер біздің барлық сұрағымызға жауап берді. Аялдамалар да қажетті жерлерге қойылған. Қазір туысқандар хабарласып «қонаққа келеміз, қыдыртасыңдар» деп жатыр», - деді Шынар.


Еске салсақ, Президент кеше Astana LRT жұмысын іске қосты.