«Таза Қазақстан – Таза Астана»: елордада үздік журналистер мен блогерлер марапатталды
Елорда күні қарсаңында «Астана тазалық» ЖШС ұйымдастырған журналистер мен блогерлерге арналған дәстүрлі «Таза Қазақстан – Таза Астана» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Байқаудың мақсаты – тазалық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып жүрген БАҚ өкілдері мен контент авторларының еңбегін дәріптеу, экологиялық бастамаларды насихаттау және коммуналдық қызмет мамандарының жұмысын кеңінен көрсету.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген «Астана тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиев тазалық мәселесі ең алдымен қоғамдық мәдениет пен санаға байланысты екенін атап өтті.
«Біздің мақсат – көшені ғана тазалау емес, қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру. Ол үшін әр адамның санасы өзгеруі керек. Осы бағытта бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлердің еңбегі ерекше. Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Альберт Есалиев.
Оның айтуынша, байқауға қызығушылық жыл сайын артып келеді. Өткен жылы бір ай ішінде 112 материал қабылданса, биыл байқау екі айға созылып, қатысушылар саны айтарлықтай көбейген.

Сонымен қатар кәсіпорын экологиялық мәдениетті насихаттау бағытында жасанды интеллект көмегімен деректі фильм әзірлеу және кітап оқу мәдениетін дәріптейтін жаңа жобаларды қолға алмақ.
Байқаудың комиссия төрағасы Мұхит Мұхамедханұлы соңғы жылдары журналистердің коммуналдық қызметкерлердің күнделікті еңбегін тереңірек көрсететін сапалы материалдар әзірлей бастағанын айтты.
«Қазіргі таңда журналистер тазалықты қамтамасыз етіп жүрген еңбек адамдарының күнделікті жұмысын жан-жақты насихаттай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс», – деді ол.
Өз кезегінде белгілі журналист Зейін Әліпбек әлеуметтік желілер тазалық мәдениетін насихаттайтын ең ықпалды алаңдардың біріне айналғанын атап өтті.
Ал қоғам қайраткері, журналист Шалқар Қожаев интернет-басылымдардың жедел әрі сапалы ақпарат таратудағы рөлін атап өтіп, тазалық мәдениетін қалыптастыруда БАҚ-тың ықпалы зор екенін жеткізді.
«Әлеуметтік желідегі үздік жарияланым» номинациясы бойынша Аида Батухан жеңімпаз атанып, ІІ орынды Томирис Қазыбекова, ІІІ орынды Сапарғали Қанат иеленді.

«Интернет-басылымдағы үздік жарияланым» номинациясы:
І орын – Нұрдәулет Кәкіш (Elordainfo.kz);
ІІ орын – Айым Сәдуақасова (BAQ.kz);
ІІІ орын – Айгүл Тұмақбаева (Kazinform).

«Баспа басылымындағы үздік мақала» номинациясы:
І орын – Баян Сүйеуова («Egemen Qazaqstan»);
ІІ орын – Юлия Мендецкая («Вечерняя Астана»);
ІІІ орын – Асель Тимирова («Казахстанская правда»).
«Үздік телевизиялық материал» номинациясы:
І орын – Назгүл Пахман (Хабар телеарнасы);
ІІ орын – Арнат Байсейітов (Atameken телеарнасы);
ІІІ орын – Ілияс Рамазанов (Алматы телеарнасы);

Арнайы жүлде:
Төлен Тілеубай (Astana akshamy газеті).
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар шығармашылық байқау алдағы жылдары да жалғасатынын айтып, журналистердің елордадағы тазалық мәдениетін насихаттауға қосып жүрген үлесіне алғыс білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Альберт Есалиевпен елорда тазалығы жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз.