Семейде ойын-сауық орталығындағы өрт: Бес адам ауруханада жатыр

Семейде ойын-сауық орталығындағы өрт: Бес адам ауруханада жатыр
Фото: ТЖМ

Семей қаласындағы балалар ойын-сауық орталығында болған өрт кезінде 11 адам медициналық көмекке жүгінген. Қазіргі уақытта 5 адам, оның ішінде бір бала ауруханада ем алып жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«BALA park» балалар ойын-сауық орталығында өрт жалпы аумағы 3,1 мың шаршы метр аумақты шарпыған.

Өртке байланысты облыс әкімі Берік Уәли өңірдегі барлық ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері және адамдар көп жиналатын нысандардың өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексеруді тапсырды.

Еске салсақ, кеше сағат 19:00-дер шамасында Семей қаласындағы «BALA park» балалар ойын-сауық орталығында өрт шықты. Сол жерде жедел штаб құрылып, 120 құтқарушы, 75 полиция, 15 жедел медициналық жәрдем қызметкері, 30-дан астам техника жұмыс істеді. Сағат 20:30-да өрт оқшауланып, көп кешікпей толық сөндірілді.