Семейде ойын-сауық орталығы өртенді

Семейде ойын-сауық орталығы өртенді
Фото: ТЖМ

Семей қаласының Шугаев көшесінде орналасқан «Арман» сауда ойын-сауық орталығы өртенді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ТЖМ-ға сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, Абай облысының өрт сөндірушілері хабар түскеннен кейін алты минут ішінде оқиға орнына жеткен. Алғаш жеткен бөлімшелер ғимарат ашық жалынмен жанып жатқанын, өрт өршіп, шатыр ішінара құлағанын анықтады. Орталық әкімшілігі өкілдерінің айтуынша іштегі адамдар өздігінен эвакуацияланған.

Өртті сөндіру үшін периметр бойынша су шашыратқыштар, сонымен қатар биік техника арқылы су жеткізу жүргізілді. Өртке қарсы қызметі жоғары ранг бойынша жұмыс істеді. Сол жерде ТЖМ жедел штабы құрылды. Оқиға орнында жеке құрамынан 120 адам мен 21 техника жұмылдырылды

Кейін өрт толықтай сөндірілді. Қазір өрттің шығу себептерін мамандар анықтап жатыр.

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалар ойын-сауық орталығында балалар зардап шекпегенін мәлім етті.

«Аталған оқиға бойынша зардап шеккен балалар жоқ екенін хабарлаймыз. Екі бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігер  тексергеннен кейін олардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып, үйіне жіберілді. Қазіргі уақытта балалардың денсаулығына қауіп жоқ», делінген хабарламада.

Еске салсақ, Ақтөбедегі автогаз құю бекетінде жарылыс болды.