«Қайрат» және «Ордабасы» ойыны: Полиция жанкүйерлерге үндеу жасады
«Қайрат» және «Ордабасы» командалары арасындағы футбол матчы қарсаңында Алматы қаласы полиция департаменті жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтап, өзара құрметке негізделген атмосфера қалыптастыруға шақырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алдағы кездесу көптен күткен спорт оқиғасының бірі болып, стадионға мыңдаған көрермен жинайды. Қатысушылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген полиция жасақтары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және басқа да бейінді қызметтер жұмылдырылады.
Стадион аумағында және оған іргелес учаскелерде заманауи бейнебақылау және бақылау құралдары да пайдаланылады. Қоғамдық тәртіптің бұзылмауына ерекше назар аударылады. Полиция қызметкерлері көрермендерді арандатуға ермей, заң талаптарын сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және өз командасын тек спорт мәдениеті аясында қолдауға шақырады.
Полиция агрессивті мінез-құлық, тыйым салынған атрибутиканы пайдалану, былапыт сөздер айту және жанжал туғызуға әрекет жасау сияқты кез келген құқыққа қайшы әрекетке Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетінін еске салады.
- Қолдау көрсету үшін Алматыға келген барлық жанкүйерді қуана қарсы аламыз. Біздің ортақ міндетіміз – бұл матчтың әдемі ойынмен, жарқын эмоциясымен және бір-біріне деген құрметпен есте қалуын қамтамасыз ету. Баршаңызды қоғамдық тәртіпті сақтауға, арандатуға ермеуге және нағыз жанкүйерді мінез-құлық мәдениеті, қарсыласқа деген құрметі мен өз командасына шынайы қолдау көрсетуі ерекшелендіретінін есте ұстауға шақырамыз. Өз тарапымыздан полиция матчқа қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараны қабылдайды, – деп атап өтті Алматы қаласы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.