Шағын кәсіпкерлерге кассалық аппаратпен біріктірілген POS-терминалдар тегін беріледі
Шағын бизнесті қолдау мақсатында екінші деңгейлі банктер тарапынан бақылау-касса машиналарымен (БКМ) біріктірілген POS-терминалдарды тегін ұсыну мәселесі шешілді. Бұл стационарлық POS-терминалдар немесе телефонға орнатылатын мобильді POS-қосымшалар болуы мүмкін, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кәсіпкерлер үшін қазірдің өзінде не қолжетімді?
- Kaspi Bank пен Қазақстан Халық банкінің POS-терминалдары толыққанды БКМ ретінде жұмыс істейді және штрих-кодтарды сканерлеу функциясымен жабдықталған.
- Жақын арада осындай функциялар Freedom Bank Kazakhstan және Банк ЦентрКредиттің POS-терминалдарында да іске қосылады.
Осылайша, Мемлекеттік кірістер комитеті фискалдық деректер операторларымен (ФДО), банктермен және кассалық техника өндірушілерімен бірлесіп, сауда үшін ыңғайлы және автоматтандырылған шешімдерді қалыптастыруда.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Салық кодексі мен Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің №626 бұйрығының жаңартылған талаптары күшіне енеді.
ФДО міндеттеріне мыналар жатады:
1. Ел аумағы бойынша ФДО қызметтерін көрсету.
2. Есеп айырысулар туралы деректерді МКК-ге жедел түрде беру.
3. Ұлттық тауарлар каталогын (ҰТК) пайдалану бойынша сервистерді өз порталдарында орналастыру.
4. БКМ геолокациялық деректерін МКК беру.
5. БКМ-ден келіп түсетін деректерге күн сайын мониторинг жүргізу.
БКМ өндірушілерінің міндеттеріне мыналар жатады:
1. Чек форматын жаңарту: енді чекте ҰТК сәйкес тауарлар мен қызметтердің атаулары міндетті түрде көрсетілуі тиіс.
2. Чекті жою функциясын алып тастау – барлық түзетулер тек қайтару чегін ресімдеу арқылы жүзеге асырылады.
Аталған өзгерістер тұтынушылардың құқықтарын қорғауға, бизнестің ашықтығын арттыруға, адал бәсекелестікті дамытуға және көлеңкелі айналымды қысқартуға бағытталған.
Кәсіпкерлерден талап етіледі:
1. БКМ-ді жаңарту
- Барлық бағдарламалық кассалар 2.0.3 хаттамасына автоматты түрде жаңартылған.
- Стационарлық БКМ-нің (Меркурий, Миника, Порт) иелеріне жаңарту үшін техникалық қызмет көрсету орталықтарына жүгіну қажет.
2. Чекте тауар атауларын көрсету тәртібі?
Ол үшін штрих-код сканерін пайдалану қажет:
- POS-терминалға кіріктірілген сканер;
- мобильді БКМ пайдаланылған жағдайда телефон камерасы;
- стационарлық кассаға арналған жеке сканер.