Цифрлы шешімдер кәсіпкерлердің қызметін жеңілдетеді

18 қараша, 2025
Дәукен Тұрдашев Дәукен Тұрдашев
Цифрлы шешімдер кәсіпкерлердің қызметін жеңілдетеді
pexels.com

Қаржы министрлігінің цифрлы трансформациясындағы негізгі бағыттардың бірі – халық пен бизнеске жайлы әрі қолжетімді мемлекеттік сервистерді арттыру. Ұзақ жыл азаматтарға бір-бірімен байланысы жоқ порталдармен жұмыс істеуге тура келді, деп хабарлады Elordainfo.kz Қаржы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік сатып алу ісінде, электронды шот-фактураларды жазып беру қызметінде, салық және кедендік декларацияларды тапсыру саласында, сол секілді салықтарды төлеу мен қаржы есептілігін тапсыру бағытында әр жүйе дербес қызмет еткендіктен, бұл навигацияны қиындатып, қызмет алушылар уақыт жоғалтатын еді.

«2024 жылы министрлік негізгі цифрлы жүйелерді ауқымды түрде жаңартуға кірісті. Бұл біртұтас, түсінікті және жайлы цифрлы ортаны құруға жол ашты. Мұнда барлық қызмет бірізді логикалық кеңістікте жұмыс істеп, мемлекеттік сервистердің ашықтығы мен танымалдығы заманауи талаптарға сай болды», -деді «Электрондық қаржы орталығы» АҚ Талдау және ЖИ дамыту жүйелерін цифрландыру департаментінің директоры Владлен Балан.

Тиісті қызметтерді орталықтандырудағы негізгі бастамалардың бірі – Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті. Бүгінде бұл платформа тәжірибелік мақсатта іске қосылған және ведомствоның негізгі мемлекеттік қызметтерін біріктіреді.

Бірыңғай жеке кабинет арқылы пайдаланушылар:

- мемлекеттік сатып алуға қатыса алады;

- салық және кеден декларацияларын тапсыруға мүмкіндік беріледі;

- шот-фактураларды жазу жолға қойылады;

- салықтарды төлеуге мүмкіндік алады;

- қаржы есептілікті тапсыра алады.

«Демек, іскер азаматтар барлық негізгі қаржы және есеп беру процесіне арналған озық интерфейске ие болады. Бұл мемлекеттік органдармен өзара байланысуға жұмсалатын уақытты үнемдеп, әкімшілік жүктемені азайтады», - деді ведомство өкілі.

Сонымен қатар министрлік жасанды интеллект технологияларын дамытуға баса мән беріп келеді. Перспективалы шешімдердің бірі – ЖИ бизнес-көмекші жобасы. Ол қазір жетілдіріліп жатыр. Аталған құрал барлық кезеңде кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді: бизнестің идея сатысынан бастап оны нақты жүзеге асыруға дейін.

«Аталған жүйеде қарастырылатын негізгі функционалдардың бірі – болашақ кәсіпке арналған ұтымды локация таңдау. Тиімді таңдалған жер – бизнестің табысты болуындағы маңызды фактор: бұл сату деңгейін, бәсекеге қабілетті ортаны және болашақ операциялық шығындарды анықтайды. Ал қате таңдау кіріс пен бәсекелестік қабілетін төмендетіп, шығындардың өсуіне әкелуі мүмкін», - деп атап өтті В.Балан.

ЖИ-көмекші мемлекеттік ақпараттық ресурстармен интеграцияланған және сенімді деректердің ауқымды жиынтығын талдауға қауқарлы: аудандардың экономикалық белсенділігі, сұраныс құрылымы, жұмыспен қамту деңгейі, бәсекелестік орта, салалардың даму серпіні. Осы мәліметтерге сүйене отырып, тиісті алгоритмдер көзделген кіріс мөлшерін, рентабельдікті және тәуекелдерді болжап, әр локацияға дайын ұсыныстар жасай алады.

Аталған тетікті пайдалану қабылданатын шешімдердің сапасын едәуір жақсартып, бастапқы кезеңдегі қателіктерден сақтануға көмектеседі және ШОБ деректерге бағдарланған тәсілдің жаңа стандартын қалыптастырады.