Биыл Астанада 50-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізіледі – Жеңіс Қасымбек
Астанада жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елорда әкімінің сөзінше, биыл жалпы ұзындығы шамамен 60 шақырымды құрайтын 50-ге жуық көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған.

«Қолданыстағы жолдарды жөндеумен қатар, қаланың түрлі аудандары арасындағы көлік байланысын күшейтіп, көлік қатынасының қолайлылығын арттыруға және көлік ағыны көп учаскелердегі қозғалысты жылдамдатуға бағытталған жаңа көшелер мен жолайрықтар салынып жатыр», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Қала әкімі аралау барысында бірқатар маңызды инфрақұрылымдық нысанмен танысқанын айтты.
«Абайдың 150 жылдығы көшесінің Сейфуллин көшесінен Тілендиев даңғылына дейінгі аралығында инженерлік желілерді орнату жұмысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта жол жабынының негізгі құрылымдық қабаттарын төсеу жұмысы жүріп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін сыртқы жарықтандыру жүйесін орнатуды, тротуарлар салуды, бағдаршам нысандарын монтаждауды, жол таңбаларын сызуды және басқа да абаттандыру жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр», – деді әкім.

Сондай-ақ Бейсекова көшесі мен Тілендиев даңғылының қиылысындағы екі деңгейлі жолайрық құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
«Қазіргі уақытта инженерлік желілерді орнату жұмысы 90 пайызға аяқталды. Су құбыры, тұрмыстық және нөсер кәрізі, байланыс желілері, кабельдік кәріз, жылу желілері салынып, жаяу жүргіншілерге арналған төрт тоннельдің үшеуі орнатылды. Көпір құрылысының бетон тіректері тұрғызылып, металл аралық құрылымын монтаждау толық аяқталды. 2026 жылдың соңына дейін негізгі жол бөлігі мен съездерге асфальтбетон жабындысын төсеуді аяқтау жоспарланып отыр», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек, Нұрмағамбетов көшесінің Қалдаяқов көшесінен Райымбек батыр көшесіне дейінгі бөлігін салу жобасы іске асырыла бастаған.
«Қазіргі уақытта нөсер кәрізін салу және электрмен жабдықтау желілерін қайта орнату жұмысы аяқталды», – деді қала басшысы.
Әкімнің сөзінше, жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары елорданың барлық ауданында жүргізіледі.
«Мердігер ұйымдарға жұмыстардың жоғары сапада орындалуын қамтамасыз ету және бекітілген құрылыс кестесін қатаң сақтау міндеті жүктелді», – деп түйіндеді Жеңіс Қасымбек.