Астанада әйелін қудалаған ер адам 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды
Елорда тұрғыны қорғау нұсқамасының талаптарына қарамастан, төрт ай бойы бұрынғы бірге тұрған әйелді заңсыз қудалаған: оған қоңырау шалып, хабарламалар жіберген, тұрғылықты жеріне барған, үйінің маңында күтіп тұрған және балағат сөздер айтқан, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Нәтижесінде жәбірленуші өзінің және кәмелетке толмаған қызының қауіпсіздігі үшін үнемі алаңдап, қорқыныш сезімінде болған, оның жеке қауіпсіздікке және еркін қарым-қатынас жасауға деген құқықтары бұзылған.
«Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдеді.
Сот оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енді», - делінген хабарламада.
Астана қаласының прокуратурасы сталкинг, яғни күш қолданумен байланысты емес, адамның еркіне қарсы байланыс орнатуға және оны аңдуға бағытталған әрекеттер арқылы көрініс табатын, елеулі зиян келтірген заңсыз қудалау үшін елу тәулікке дейін қамауға алу түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін еске салады.
Бұған дейін өзіңізді және жақындарыңызды тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғауға болатынын жаздық.