Референдум-2026

Астана әуежайы: Саманнан салынған әуе қақпасынан халықаралық хабқа дейін

Астана әуежайы: Саманнан салынған әуе қақпасынан халықаралық хабқа дейін
Фото: Астана әуежайының баспасөз қызметі

Астана үшін маңызды орындардың бірі – әуежай. Бүгінде бұл жер тәулігіне жүздеген ұшақты қабылдап, әлемнің ондаған қаласын Қазақстанмен жалғап тұрған алып көлік торабы. Ал осыдан тоқсан бес жыл бұрын дәл осы өңірдегі әуе қатынасы қарапайым ғана саман кірпіштен салынған шағын ғимараттан басталғанын көпшілік біле бермейді. Elordainfo.kz тілшісі елорда әуежайының өткеніне үңіліп, бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму бағытына шолу жасады.

Тарихқа көз жүгіртсек, алғашқы әуежай 1930 жылы Ақмола қаласынан үш шақырым жерде салынды. Бүгінгі кең терминалдармен салыстырғанда ол қарапайым ғана нысан болатын. Ұшақтардың ұшып-қонуына арналған шағын алаң, сегіз бөлмелі вокзал, ұшқыштарға арналған екі үй, жанармай сақтайтын жертөле және су жылытатын шағын үй ғана бар еді. Сол кездің өлшемімен бұл үлкен жетістік саналса, бүгінгі көзқараспен қарағанда қарапайым ауылдық бекеттен аса қоймайтын.

Әуе қатынасының алғашқы жылдары да оңай болған жоқ. 1931 жылы Ақмола мен Семей арасында тұрақты әуе бағыты ашылғанымен, рейстердің орындалуы көбіне табиғаттың мінезіне тәуелді еді. Қолайсыз ауа райы болса әуежай бірден жабылатын. Ол кезде Есіл арқылы өтетін көпір болмағандықтан қала мен әуежайдың байланысы телефон желісімен, пароммен немесе жаяу жүргіншілер жолымен ғана жүзеге асатын.

Ең қызығы, бүгінгідей минутына дейін белгіленген ұшу кестесі де болған жоқ. Кестеде «ұшақ дүйсенбі күні таңертең ұшады» немесе «күн шыққанда ұшады» деген секілді уақыттар көрсетілетін. Қазіргі авиация үшін мұндай жағдайды елестету қиын. Бірақ дәл сол кезең Қазақстандағы азаматтық авиацияның алғашқы қадамы еді.

Алғашқы жолаушылар К-4, К-5, П-5, П-2 секілді шағын ұшақтармен қатынады. Олар адамдарды ғана емес, пошта мен түрлі жүктерді де жеткізетін. Ол кезеңде авиация – жай көлік емес, шалғай елді мекендерді жалғайтын маңызды байланыс құралы болды.

Уақыт өте келе әуежайдың мүмкіндігі де кеңейе бастады. Соғыстан кейінгі жылдары жаңа бағыттар ашылып, санитарлық авиация іске қосылды. Ақмоладан Қорғалжын, Жолымбет, Ақсу, Бестөбе, Астрахан секілді елді мекендерге тұрақты әуе қатынасы жолға қойылды. Бұл өңір тұрғындарының өмірін айтарлықтай жеңілдетті. Ұшақтар тек жолаушы тасымалдаумен қатар дәрігерлерді жеткізіп, шұғыл медициналық көмектің де маңызды бөлігіне айналды.

1940-жылдардың соңына қарай әуежай кеңейіп, жаңа радиостанция, гараж және қызметтік үйлер салынды. Қызметкерлер саны елу адамға дейін жетті. Бұрын тек жеңіл ұшақтарды қабылдайтын әуе айлағы енді ауырлау ұшақтарды да қабылдай бастады.

1950-жылдары ұшу-қону жолағы қайта жаңартылып, алғаш рет ИЛ-12, кейін ИЛ-14 ұшақтары қонды. Авиаэскадрилья құрылып, АН-2 мен ЯК-12 ұшақтары пайдалануға берілді. Ал 1956 жылы әуежай тәулік бойы жұмыс істейтін режимге көшті. Бұл сол уақыттағы үлкен жетістік саналды. Көп ұзамай Ақмола әуежайына үшінші сынып мәртебесі беріліп, жаңа бағыттар ашыла бастады. Жергілікті әуе желілері көбейіп, өңірлер арасындағы қатынас жанданды. Әуе қатынасының дамуы қала экономикасына ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік өміріне серпін берді.

1963 жыл әуежай тарихындағы тағы бір бетбұрыс кезең болды. Қала сыртынан жаңа әуежай салынып, алғашқы ИЛ-18 ұшағы қабылданды. Бұл бұрынғы шағын әуе айлағынан әлдеқайда ауқымды жоба еді. Арада үш жыл өткен соң жаңа аэровокзал толық пайдалануға беріліп, барлық авиациялық қызмет жаңа кешенге көшірілді. Ал 1930 жылдан бері қызмет еткен алғашқы әуежай өз миссиясын аяқтады.

Осы кезеңнен бастап Целиноград әуежайының мүмкіндігі жыл сайын арта түсті. Ұшақтар паркі жаңарып, АН-24 секілді заманауи әуе кемелері келе бастады. Соның нәтижесінде жолаушылар тасымалы бірнеше есеге өсті. Бұрын тек облысаралық бағыттарға ұшатын ұшақтар енді Кеңес одағының көптеген қаласына қатынай бастады.

1975 жыл тағы бір тарихи белес болды. Бұл жылы Целиноград әуежайына алғаш рет ТУ-154 ұшағы қонды. Көп ұзамай Алматы–Целиноград–Мәскеу бағытындағы тұрақты рейстер ашылды. Бұл әуежайдың республикадағы стратегиялық маңызын бұрынғыдан да арттырды. Дегенмен әуежай тарихындағы ең үлкен өзгеріс тәуелсіздік жылдарымен тұспа-тұс келді. Қазақстанның жаңа астанасы Ақмолаға көшірілгеннен кейін елорданың әуе қақпасы да түбегейлі жаңғыруы керек болды. Қысқа мерзім ішінде ұшу-қону жолағы 3,5 шақырымға дейін ұзартылып, жаңа жарық-сигналдық және радионавигациялық жүйелер орнатылды.

Дәл осы кезең туралы Астана халықаралық әуежайының басқарма төрағасы Бекен Сейдахметов әуежайдың даму қарқынын нақты сандармен сипаттайды.

«1997 жылы Ақмола әуежайы небәрі 65 мың жолаушыға қызмет көрсетті. Келесі жылы бұл көрсеткіш 130 мыңға жетті. Бүгінде елімізде жаңа әуежайлар салынып, әуе паркі жаңарып жатыр. Сондықтан алдағы жылдары рейстер саны да, жолаушылар легі де тұрақты өседі деп сенеміз», – дейді ол.

Шынында да, осы статистиканың өзінен-ақ елорданың әуе қақпасы қандай қарқынмен өзгергенін аңғаруға болады. Бір кездері бірнеше ондаған мың жолаушыны қабылдайтын әуежай бүгінде миллиондаған адамның жолын түйістіретін халықаралық авиациялық орталыққа айналды

Ел аумағы Еуропа мен Шығыс Азияны жалғайтын негізгі әуе дәліздерінің бойында орналасқан. Қазіргі таңда Қазақстанның географиялық орналасуы бұл бағыттағы ең үлкен артықшылықтың бірі саналады. Сондықтан Астана әуежайының даму стратегиясында транзиттік әлеуетті күшейтуге ерекше мән беріліп отыр.

Астана халықаралық әуежайының Басқарма төрағасы Бекен Сейдахметовтің айтуынша, бүгінде әуежай алдында тұрған ең басты міндеттің бірі – халықаралық авиациялық хаб қалыптастыру.

«Біздің алдымызда екі негізгі мақсат тұр. Оның біріншісі – Астананы халықаралық авиациялық хаб ретінде дамыту. Хаб деген жай ғана мәртебе емес. Ол халықаралық әуе компанияларын тартуды, қуатты базалық тасымалдаушыны қалыптастыруды, қауіпсіздік талаптарын жетілдіруді, ішкі процестерді оңтайландыруды және жолаушыларға қызмет көрсетудің әлемдік деңгейін қамтамасыз етуді қамтитын кешенді жүйе», – дейді Бекен Сейдахметов.

Бұл жоспар біртіндеп нақты нәтижесін де бере бастады. Биыл Астана әуежайының халықаралық маршруттар желісі бірден бес жаңа бағытпен толықты. Елордадан енді Ларнакаға, Ұланбатырға, Гуанчжоуға, Ереванға және Даламанға тікелей ұшуға мүмкіндік бар. Осылайша халықаралық бағыттар саны 47-ге жетті.

Ішкі әуе қатынасы да қарқынды дамып келеді. Қызылорда, Шымкент және Алматы бағыттарындағы рейстер саны көбейіп, маусым айынан бастап тұрақты ішкі рейстер аптасына 984-ке дейін артты. Ал жазғы маусымда Балқаш, Үшарал және Үржар бағыттарының қайта ашылуы ішкі туризмге тың серпін берді.

Әуе қатынасының кеңеюі статистикадан да анық байқалады. Жыл басынан бері Астана халықаралық әуежайы 3 миллион 399 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетіп, 27 мыңнан аса рейстің орындалуын қамтамасыз етті. Бұл елорданың әуе қақпасына деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсететін нақты көрсеткіш.

Бүгінде әлемдегі жетекші әуе айлақтарының басты артықшылығы – жолаушыға көрсетілетін қызмет сапасы. Сондықтан Астана халықаралық әуежайы инфрақұрылымды жаңартумен қатар, сервисті жетілдіруге, цифрландыруға және халықаралық стандарттарды енгізуге басымдық беріп отыр.

Бекен Сейдахметовтің айтуынша, бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – әлемнің үздік әуежайларымен тең деңгейде қызмет көрсету.

«Біз алдымызға тағы бір маңызды міндет қойдық. Ол – қызмет көрсету сапасы бойынша әлемнің үздік жүз әуежайының қатарына ену. Бұл мақсатқа жету үшін халықаралық Skytrax жүйесінің талаптарына сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда инфрақұрылымнан бастап навигацияға, жолаушылармен қарым-қатынас мәдениетінен бастап қызмет көрсету процесіне дейін 800-ден астам көрсеткіш бағаланады», – деді ол.

Соңғы жылдары халықаралық қауымдастық та елорданың әуе айлағындағы өзгерістерге жоғары баға беріп келеді. 2024 жылы Skytrax агенттігі үшінші жыл қатарынан Астана әуежайын «Орталық Азия мен ТМД-ның үздік өңірлік әуежайы» деп таныды. Ал 2025 жылы әуежай «Орталық Азия мен ТМД-дағы ең үздік персонал» аталымын жеңіп алды. Бұл марапаттар инфрақұрылымнан бұрын ең алдымен қызметкерлердің еңбегіне берілген баға деуге болады.

Бүгінде Астана халықаралық әуежайы тәулігіне жүздеген рейске қызмет көрсетіп, Қазақстанды әлемнің ондаған қаласымен байланыстырып отыр. Бірақ мұнымен тоқтап қалмақ емес.

Тоқсан бес жылға жуық тарихында саманнан тұрғызылған шағын вокзалдан халықаралық авиациялық орталыққа дейінгі жолдан өткен әуежай бүгінде тағы бір үлкен өзгерістің алдында тұр. Оның келесі кезеңі – жолаушылар санын көбейту, қызмет көрсету мәдениеті, технологиялық мүмкіндігі мен халықаралық беделі жағынан әлемнің озық әуежайларымен теңесу.