Алтын Орда – әртүрлі өркениеттердің дамуына ықпал еткен қуатты империя

Бүгін, 09:19
Думан Аманжол Думан Аманжол
Алтын Орда – әртүрлі өркениеттердің дамуына ықпал еткен қуатты империя
Фото: akorda.kz

Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті. Мемлекет басшысы симпозиумның ашылу салтанатында Алтын Орда тарихының ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе екенін атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz egemen.kz сайтына сілтеме жасап. 

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейтінін, бұл мойындалған тарихи дерек екенін атап өтті.

– Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құры­лым болды. Бұл да – дәлелденген дерек. Сондықтан Алтын Орда тарихы көптеген іргелі зерттеуге арқау болғаны анық. Дегенмен, бұл тақырып әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ, меніңше, ешқашан жоғалтпайды. Бұл – ұлт жылнамасы мен әлем тарихы үшін өте маңызды мәселе. Біз халықаралық ғылым қауымдастығымен бірлесе отырып, осы тақырыпты жүйелі әрі жан-жақты зерделеу жұмысын жалғастыруымыз керек. Бірнеше күнге созылатын іс-шараның негізгі мақсаты да осы, – деді Мемлекет басшысы.

Осы тұста Президент еліміздің бас­тамасына қолдау көрсеткені үшін ЮНЕСКО басшылығына ризашылығын айтты. Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Атап айтсақ, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді.

– Сонымен қатар ұлтымыздың материал­дық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында ауқымды жұмыс жүргізіл­ді. Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қол­жаз­ба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл – ел билеген тұлғалар туралы мәлімет­терді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан әрі дамытуға мүдделіміз. Бұл – өзара тиім­ді, маңызды шаруа, – деді Президент.

Президент Қазақстан Алтын Орда тарихын әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастыратынын, өйткені бұған атүсті қарауға болмайтынын айтты.

– Олай болған жағдайда әлемдік тарихтағы осындай бірегей құбылысқа қатысты ұстаным өзгереді. Ал ол мемлекеттер мен халықтар арасындағы қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін. Өкінішке қарай, әлемдік маңызы бар ірі тарихи оқиғаларды бұрмалаған мысалдар қазір де кездеседі. Геосаяси ахуал құбылып тұрған бүгінгідей заманда соғыстардың қасіретті хронологиясына байланып қалмай, адамзат тарихындағы жасампаз кезеңдер мен диалог алаңдарының нәтижелі сәттеріне мән берген жөн. Әлбетте, бұл оңай міндет емес. Себебі тарлан тарихтың бағзы дәуірлерден бастап қазіргі дейінгі шежіресінде соғыстар мен қарулы қақтығыстар өте көп кездеседі. Мұндай көріністің қалыптасуы да түсінікті: бейбіт күндегі күйбең тіршілікті сипаттағаннан гөрі қан майдандағы бітіспес ұрыстарды жазған әлдеқайда жеңіл. Айтпақшы, Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» романы – бейбітшілікті емес, соғысты егжей-тегжей суреттеген шығарма, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің сөзінше, елімізде саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі бас­талып кетті. 

– Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді. Кереғарлықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсіндіруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді. Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Алтын Орда дәуірі отандық тарихымыздың маңызды бөлігі, сонымен бірге біз бұл кезеңді ауқымды өркениет парадигмасы тұрғысынан қарастырамыз.

– Көптеген халықтың тарихи жадында реформаторлар мен көрнекті ойшылдардың қалыпты тіршілігіне қарағанда, билеушілердің жорығы мен дарынды қолбасшылардың ерліктері сақталатынын жоғарыда айтып өттім. Расында, соғыстардағы аңызға айналған жеңістер адамдардың рухын оятады. Ал тағдыршешті мәні уақыт өте келе байқалатын институционалды жаңашылдықтар мен озық идеяларға көпшілік селт ете қоймайды. Оған әлі күнге дейін Ұлы дала тарихының шексіз шайқастар мен ұрыстар ретінде бұрмаланып көрсетілуі нақты мысал бола алады. Мұндай сыңаржақ ұстаным Ұлы даланың, әсіресе, Алтын Орданың күрделі, көп қатпарлы өмір салтын әскери шежірелердің ойдан шығарылған өлшемдеріне салып, тарихи шындықтан алыстатады, оқиғаларды көмескілендіре түседі, – деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда, Президент ең алдымен, тарихта Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атымен мәлім әлемдік философияның негізін қалаушылардың бірі Әбу Насыр әл-Фарабидің орны ерекше екеніне тоқталды.

– Ол «Қайырымды қала тұрғындары» трактатында әділдіктен айнымау, білімге құштарлық және адамгершілік қасиеттерді шыңдау арқылы баршаға бірдей игілікке қол жеткізуге болатынын жан-жақты айтқан. Оның ойлары түрік, мұсылман әлеміндегі кейінгі саяси-философиялық дәстүрлерді түсінуге маңызды бағдар болды. Ұлы даланың зияткерлік мұрасында ғұлама Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы дараланып көрінеді. Ол жалпыға ортақ мұсылман құндылықтары мен жергілікті рухани дәстүрлерді үйлестірген «түркілік исламның» бастауында тұрды. Шын мәнінде, ол Ұлы дала халықтарына қазіргі дүниетанымымыздың өзегіне айналған мүлдем жаңа идеологиялық доктрина ұсынды. Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды. Ал ғұламаның Түркістандағы кесенесі – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысан. Түркістан шаһары ғасырлар бойы өңірдің басты рухани және саяси орталығы болды. Қазіргі таңда ол түркі дүниесінің қасиетті қарашаңырағы саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әл-Фараби, Ясауи және басқа да әйгілі ойшылдар ілімінің Алтын Орда тұсында одан әрі дами түсуі заңдылық екенін айтты.

– Мәселен, түркі тілі, исламның кітаби дәстүрлері мен даланың сан­ғасырлық даналығы дәл осы кезеңде бір-бірімен біте қайнасып, идеологиялық тұрғыдан ауқымы кеңейді. Бұл Алтын Орда кезеңінің әдебиетінде көрініс тауып, түркі халықтарының сөз өнері қанат жайған кезең ретінде бағаланды. Халқымыз үшін Алтын Орда дәуірінен бүгінге дейін жеткен «Ақсақ құлан» күйінің символдық мәні зор. Биыл күйдің шыққанына 800 жыл толады. Бұл аңыз – домбыраның шанағынан шыққан Ұлы Даланың үні, ұлтымыздың рухани байлығы. Кетбұға, Асан Қайғы, Шалкиіз және Доспамбет секілді жыраулардың мұрасы біздің аймаққа тән дәстүрлі өнер жанрында бүгінге дейін жеткені кездейсоқ емес. Сол кезеңдегі жырларда (Ер Едіге, Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын) батырлардың ерлік жолы мен тарихи оқиғалар тізбегі жиі баяндалады. Бұл – қазақ, татар, башқұрт, ноғай, қарақалпақ және басқа да халықтардың ортақ қазынасы, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Алтын Орда дәуірінде Дала заңы мен ислам құқығының үйлесімді жүйесі қалыптасқан. 

– Ал қоғамдық тәртіп қағидатының бастауында Түрік қағанатының құқықтық мәдениеті мен Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы тұрды. Заң үстемдік құрған алып империяның әр түкпірінде адамның және оның мал-мүлкінің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілді. Бұл – қоғамдық тәртіп болды деген сөз. Бұдан бөлек, Алтын Орда заманында озық іс жүргізу жүйесінің болғаны туралы нақты тарихи деректер бар. Сондай-ақ Құрылтай институты дала демократиясының бірегей үлгісі ретінде қызмет етті, – деді Президент.

Президент, түптеп келгенде, Алтын Орда көшпелілер өмірін, қаладағы қолөнер мәдениеті мен сауда жолдарын өзара тығыз байланыста дамыту арқылы тұрақты ақша және салық жүйесі бар, экономикасы дамыған ел ретінде қалыптасқанын атап өтті.

– Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтер осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты. Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған. Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қордағы сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны бір миллионға жетеді. Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл – кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады.

– Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты. Әрине, мен ұсынған зерттеу бағыттарымен шектеліп қалуға болмайды. Мен сіздер секілді көне дәуірді зерттеп жүрген тарихшы-ғалым емеспін. Қазіргі таңда Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керек. Бұл – осы бағыттағы ізденістердің аясын кеңейтуге септігін тигізетін бағдар ғана. Жошы ұлысының мол зияткерлік және рухани дәстүрі, тиімді басқару институттары мен дамыған экономикасы болды. Осы алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңызды. Бұл өткенді ғылыми тұрғыдан қайта зерделеу, сондай-ақ Орталық Еуразия халықтарының мемлекеттілік бастауын, бірегейлігін және ортақ тарихын терең түсіну үшін қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Алтын Орда мұрасы ұшан-теңіз, осы алып рухани, тарихи қазынаны ХХІ ғасырға бейімдеп, жаңғырту үшін елімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

– Менің бастамаммен Қазақстанда Жошы ұлысын зерделеу институты құрылды. Бұл – осы тақырыпты терең зерттеумен айналысатын тұңғыш ғылыми мекеме. Қазіргі таңда әзірленіп жатқан Қазақстан тарихының академиялық жинағында алғаш рет Алтын Ордаға жеке том арналып отыр. Жошы ұлысының мол тарихи-мәдени мұрасын жұрт жадында жаңғырту үшін фильмдер түсіріліп, кітаптар шығарылып жатыр. Сондай-ақ спектакльдер де қойылып, ескерткіштер орнатылып, көрмелер өткізіліп жатыр. Алайда Алтын Орданың мән-маңызын терең зерделеп, оның тарихи рөлін жан-жақты насихаттау үшін мүлде жаңа, яғни халықаралық ауқымдағы жұмыс істелуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Дала өркениетін дәріптеуге арналған арнайы орталық құруды ұсынғанын айтты. Сонымен қатар Алтын Орда мәселесін зерделеп жүрген шетел мамандарын жұмылдырып, баспа саласына қатысты іргелі бастамаларды қолға алу қажет деп санайды.

– Креативті индустрия және медиа бағытындағы түрлі жобалар, ең алдымен, академиялық зерттеулерге арқа сүйеуі керек. Жаһандану, жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде көшпенділік, яғни номадизм тұжырымдамасы туралы жаңаша көзқарас қалыптастыру өте маңызды. Бүгінде бұл ұғымның сипатын «цифрлық көшпелілердің» жасампаз рухы мен сарқылмас күш-қуатынан айқын көруге болады. Әділдік, ашықтық және мәдениеттер диалогі – Дала өркениетіне арқау болған құндылықтар. Осы мемлекеттілік дәстүрін жан-жақты зерттеу бүкіл Орталық Еуразияның ұзақмерзімді дамуына ықпал етері сөзсіз. Қазір бұл аймақ жаңа сипаттағы қайта өрлеу, яғни, ренессанс кезеңіне қадам бас­ты деп айтуға болады, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бір апта бұрын Жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын айтты. 

– Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық. Бір сөзбен, озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бұл – ХХІ ғасырдың ақиқаты. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырмыз. Бұл бағытта көптеген бастаманы қолға алып жатырмыз. Биыл тамызда елімізде ЮНЕСКО-ның қолдауымен жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиада өтеді. Аталған білім додасына 100 елден келетін оқушылар мен студенттер қатыспақ. Бұған қоса елімізде «Дүниежүзілік көшпелілер ойындары», «Болашақ ойындары» сияқты бірегей жобалар кеңінен дәріптелуде. Сондай-ақ­ осы жылы күзде Астанада тұңғыш рет AI Film фестивалі өткізілмек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, жалпы, тарихтан тартыс құралын жасауға болмайды деп есептейді. Өйткені тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет.

– Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз қажет. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық. Жиында айтылатын салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар жаңа ғылыми еңбектерге, халықаралық жобалар мен экспедицияларға негіз болатыны сөзсіз. Біз бұл симпозиумды тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Сіздер алдағы уақытта да осы маңызды жұмысқа мол үлес қоса бересіздер деп ойлаймын. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Шын мәнінде, бүгінгі симпозиумның тарихи мәні айрықша. Осы маңызды жиынның қорытындысында арнайы қарар қабылданады. Бұл құжат Алтын Орданың тарихы мен мұрасын зерттеу жұмысына тың серпін береді деп сенемін. Еңбектеріңіз жемісті болсын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынның ашылу салтанатынан соң Мемлекет басшысы Алтын Орда мұрасына арналған тақырыптық көрмемен танысты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда тарихына қатысты археологиялық, жазба және мәдени жәдігерлер қойылған экспозицияны аралап көрді. Көрменің мақсаты – Алтын Орданың тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты насихаттау және оның ғылыми зерттеу аясын кеңейтуге арналды.