Астанада мүгедектігі бар балаларға әлеуметтік қызметтің аралас моделі енгізіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғыртуға бағытталған бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжат аясында елордада пилоттық режимде «аралас модель» енгізу жоспарланып отыр. Жаңа тәсіл балалардың жеке қажеттілігіне бейімделген икемді қызмет көрсету форматын қалыптастыруға бағытталған.
Министрліктің мәлімдеуінше, жобаның негізгі мақсаты – мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін қолдау тетігін барынша ыңғайлы әрі қолжетімді ету.
«Бұған дейін ата-аналар көбіне үйде әлеуметтік қызмет алу мен мамандандырылған орталықтарға барудың бірін таңдауы міндетті болса, енді бұл екі формат өзара біріктіріледі. Жаңа модель аясында мамандар баламен үй жағдайында жұмысын жалғастырады. Сонымен қатар отбасыларға оңалту кабинеті мен арнайы орталыққа бару мүмкіндігі беріледі. Онда балалар логопед, психолог, дефектолог секілді мамандардан көмек алып, құрдастарымен араласып, қажетті оңалту шараларынан өте алады», делінген хабарламада.
Министрліктің түсіндіруінше, мұндай тәсіл баланың өзіне таныс отбасылық ортада тәрбиеленуін қамтамасыз ете отырып, кәсіби ортадағы заманауи құрал-жабдықтар мен оңалту әдістеріне қол жеткізуіне мүмкіндік береді. Жобаны іске асыруға лицензиясы бар үкіметтік емес сектор ұйымдарын белсенді тарту көзделіп отыр. Бұл ата-аналарға қызмет көрсететін ұйымдар мен білікті мамандарды өз таңдауы бойынша анықтауға мүмкіндік береді.
Пилоттық жобаны жүзеге асыру Астана қаласының әкімдігіне жүктеледі. Әкімдік жобаға қатысатын орталықтардың тізбесін айқындап, қаржыландыруды жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етеді. Елордада жинақталатын тәжірибе арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіруге, штаттық нормативтерді жаңартуға және бүкіл ел бойынша тариф қалыптастырудың жаңа әрі әділ тәсілін енгізуге негіз болады деп көзделіп отыр.
Құжат жобасымен «Ашық НҚА» порталында танысып, қоғамдық талқылау аясында пікір білдіруге болады.
Еске сала кетсек, мүгедектігі бар адамдар үшін нысандардың қолжетімділігін бағалаудың жаңа тетігі енгізіліп жатыр.