Президент қоғамдағы вандализм мен мәдениетсіз әрекеттерге қарсы тұруға шақырды
Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғырту жөнінде пайымымен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.
– Біз ойы озық, өркениетті ел боламыз десек, ең алдымен қоғамдағы кез келген мәдениетсіз әрекетке, жабайы жүріс-тұрыс пен тұрпайы тағылыққа, яғни, вандализмге түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Өкінішке қарай, соңғы уақытта тарихи және мәдени нысандарға қасақана зиян келтіру жағдайлары жиілеп кетті. Мысалы, жақында ғана Маңғыстау облысының Ыбықты сай шатқалында болған оқиға бойынша тиісті өкілетті органдар қатаң құқықтық қорытынды шығаруы керек. Біз тұтас қоғам болып осындай заңсыз әрекеттерге үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Заңды құрметтеу, табиғатты аялау, жауапкершілік, жасампаз патриотизм қағидаттары қоғамдық санада түбегейлі орнығуға тиіс. Бұл қасиеттер азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың дүниетанымы кең, мінез-құлқы дұрыс адам ретінде қалыптасуына негіз болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін насихаттау туралы ой қозғап, мемлекеттің осы бағытта қолға алған бастамалары жөнінде айтты.
– Кітап оқу өркениетті қоғам құрып, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы деп айтсақ, артық болмайды. Сондықтан біз ел ішінде, әсіресе, жастар арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеуіміз керек. Мен өткен аптада Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы арнайы Жарлыққа қол қойдым. Осы маңызды құжаттың негізгі мақсаты – ұлт сапасын арттыру, яғни, адам капиталын дамыту, қоғамның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту. Үкіметке осы бағыттар бойынша нақты шараларды іске асыруды, соның ішінде кітапхана және кітап шығару ісін заң тұрғысынан қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі, «Жылдың он оқырманы» республикалық жобасы өткізілетін болады. Баршаға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы іске қосылады. Басқа да тың бастамалар жүзеге асырылады. Бұл жұмысқа тұтас қоғаммен бірге мәдениет саласының қызметкерлері, әсіресе, кітапханашылар, баспагерлер белсене атсалысады деп ойлаймын. Сонымен бірге мен жақында еліміздің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Меніңше, бұл – шын мәнінде аса өзекті және қажетті қадам. Қазіргі технология дәуірінің қарқыны өте жылдам. Сондықтан мұндай маңызды шешімді дер кезінде қабылдамасақ, жастарымыз дамудың даңғыл жолына түсе алмай, артта қалып қоюы мүмкін. Ал бұл мемлекетіміздің келешегі үшін аса қауіпті екені айтпаса да түсінікті. Біз, әрине, ондайға жол бермейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы алдымызда Әділетті, Таза, Мәдениетті, Өркениетті, түптеп келгенде, Озық ойлы Қазақстанды құру міндеті тұрғанын еске салды.
– Біз мұның аса жауапты әрі өте күрделі міндет екенін жақсы түсінеміз. Халқымыз «Әрекет түбі – берекет» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, озық және нағыз дамыған ел боламыз десек, ең алдымен, қоғамда жаңа мәдениет қалыптастыруымыз қажет. Еңбекқорлық, білімпаздық, жасампаздық, жанашырлық, отаншылдық қасиеттерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Мұның бәрін күнделікті қажырлы еңбекпен, нақты іспен көрсетуіміз қажет. Заң мен тәртіп қағидаты мәдениеті жоғары қоғамда ғана берік орнығады. Бұл – ақиқат. Осы маңызды жұмысқа Сіздер де елеулі үлес қосып жүрсіздер, болашақта да солай болады деп сенемін, – деді Президент.
Еске салсақ, Қасым-Жомарт Тоқаев өнер саласының мамандарына алғысын білдірді.