Референдум-2026

Әлемнің үздік жас физиктері додасында бес оқушы Қазақстан намысын қорғайды

Әлемнің үздік жас физиктері додасында бес оқушы Қазақстан намысын қорғайды
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Колумбияның Букараманга қаласында мектеп оқушылары арасында физикадан 56-шы Халықаралық олимпиада (IPhO 2026) өтіп жатыр. Әлемдегі ең беделді зияткерлік жарыстардың бірінде Қазақстан намысын бес оқушы қорғайды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Физикадан 56-шы Халықаралық олимпиада (International Physics Olympiad, IPhO 2026) 4-12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтіп жатыр. Биылғы додаға әлемнің 90 елінен 400-ден астам дарынды жас физик қатысады.

Олимпиада барысында қатысушылар теориялық және тәжірибелік кезеңдерде білімдерін сынап, күрделі физикалық есептерді шығарып, зертханалық жұмыстарды орындайды.

Оқу-жаттығу жиындарының қорытындысы бойынша жасақталған Қазақстан ұлттық құрамасына бес оқушы енді. Олардың төртеуі – елорда мектептерінің оқушылары.

Атап айтқанда: Әмірбек Азатбеков – Астана қаласы «Нұра» ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы; Ілияс Қазымбек – Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы; Нұргүл Егенбергенова – Астана қаласындағы NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы; Роман Черемнов – Астана қаласы «Нұра» ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы; Дамир Құрман – Алматы қаласындағы «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы.

Ұлттық құраманы PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Самат Мақсұтов пен физикадан халықаралық олимпиадалардың жүлдегері Әлішер Еркебаев жетекшілік етеді.

Айта кетейік, физикадан Халықаралық олимпиада 1967 жылдан бері өткізіледі. Қазақстан бұл беделді білім додасына 1997 жылдан бері тұрақты қатысып келеді. Былтыр ұлттық құрама 2 күміс және 3 қола медаль жеңіп алған болатын.

Бұған дейін астаналық оқушылардың Еуропалық физика олимпиадасында топ жарғанын жазған едік.