Референдум-2026

Алакөлде жаңа нысандар, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, туристер саны артты

Алакөлде жаңа нысандар, қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, туристер саны артты
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Жетісу облысына жұмыс сапары аясында Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевпен бірге Алакөл жағалауына барды. Жұмыс сапары барысында облыстық туризм басқармасы курорттық аймақта туристік инфрақұрылымды дамыту, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және абаттандыру бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижесін таныстырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.


Алакөл жағалауы – еліміздегі басты туристік бағыттының бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 382 мың адамға жетіп, 11%-ға өсті. Ал шетелдік туристер саны 60%-ға артып, 8,2 мың болды. Қазіргі таңда жағалауда бір мезгілде 21 мыңнан астам адамды қабылдай алатын 224 орналастыру орны жұмыс істейді.

Тексеру барысында электрмен жабдықтау нысандарының құрылысы аяқталғаны, Ақши ауылында кәріз желілерінің тартылып жатқаны, сондай-ақ тазарту құрылыстарының, коммуналдық жағажайлардың және Лепсі теміржол станциясындағы жаңа вокзалдың құрылысы жалғасып жатқаны атап өтілді.

Өңірде қауіпсіздік пен санитариялық жағдайға ерекше көңіл бөлінген. Жағалауда қоқыс контейнерлері, санитариялық тораптар және киім ауыстыратын кабиналар орнатылған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 40 құтқару мұнарасы, жалпы ұзындығы 13 шақырым болатын қауіпсіздік сызықтары және 7 айлақ жұмыс істейді. Қоғамдық тәртіпті күн сайын полиция қызметкерлері қадағаласа, суда құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Туристік маусым басталғалы бері 150-ден астам профилактикалық рейд өткізілді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес министрлік еліміздің курорттық аймақтарына ішкі және шетелдік туристерді тарту жұмыстарын жалғастырады. Биыл туризмді дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы қабылданып, жыл басынан бері өңірлерде туризмді дамыту жөніндегі жол картасын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ал жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды дамытуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және аумақтардың санитариялық тазалығын сақтауға жауапты», – деді Мирас Төлебаев.

Еске сала кетейік, Үкімет Алакөл жағалауын сақтау мақсатында қорғаныс бөгетін салу туралы шешім қабылдады.